Шарт бойынша, эстафетаны қабылдаған журналист допты алдыңғы әріптесінен аз теппеуі керек. Дегенмен, өзінен кейінгілерді ескеріп, тым көп теуіп қоймауға да кеңес береді және фристайл тәсілдерін де қосуға болады. Бірақ, ол тебіс санына қосылып есептелмейді. Сонымен қатар, қабылдаушы адам эстафетаны кімге жолдайтынын видеода міндетті түрде айтуы тиіс. Бұдан бөлек, челлендж тек журналистер арасында ғана жалғасуы тиіс. Нұрбек Түсіпхан эстафетаны “Ана тілі” газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан мен журналист Алмас Найманбайға жолдады.
– Журналистер арасында “Қақпақыл” деп аталатын эстфета бастадым. Алматы мен Астанада соңғы жылдары БАҚ өкілдері арасында футбол лигасы жақсы өтіп жатыр. Бұл да сол жарысқа алыс Прагада отырып қосқан аз ғана үлес болсын. Мақсат – журналистердің де допты тәуір тебе алатынына қосымша дәлел келтіру және жалпы қызық үшін. Ескерту: мұнда “саяси астар” жоқ және аса қатты сөге көрмеңіздер, – деді Нұрбек Түсіпхан.