Ермұхамед МӘУЛЕН – «Хабардың» чемпиондығы мәңгі емес

0
383
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

– Ермаш, “Қазақстан ТВ”, “Егемен Қазақстан”, “Қаламгер”… БАҚ лига басталғалы біраз команда ауыстырып тастадың. Енді ДИАП. Неліктен сонша тұрақсызсың?

– «Қазақ ТВ» командасын ұмытып кеттің. Негізі, БАҚ лигадағы карьерамды сол командада бастағанмын. Ал негізі, журналистикада бір қағида бар ғой. Журналист деген бір орында отырып қалмау қажет. Әр редакцияның көзқарасы бөлек. Ақпаратты бере білуде өзгешеліктер болады. Соның барлығын үйрену үшін қызмет ауыстырып тұрған жақсы. Футболда да солай. Команданы жиі ауыстырып тұрғанның да өз пайдасы бар. Жаңа әріптестермен араласып, жаңа сезімдерді бастан кешіп отыру үшін команда ауыстырып тұрғанды жөн көремін. ДИАП сапында да көп ойнаймын деп айта алмаймын. Одан кейін де команда ауыстырамын.

– Ал «ДИАП Қазақстан» командасын неліктен таңдадың? Кім шақырды?

– Кезінде «Qazaqstan» теле корпорациясының құрамында жұмыс жасағанмын. ДИАП-тағы біраз жігіттерді сол кезден білемін. Жақсы карым-қатынастамын. Мұнда команда капитаны Дулат Нуркин шақырды. Бірден келістім. Өз басым, Дулатты жақсы ұйымдастырушы, жақсы менеджер деп санаймын. Оған Досымжан Ермұратты қосыңыз. Екеуі тандем құрса, керемет команда жасақтай білетінін былтыр көргенбіз. Ойындары маған ұнаған. Сондықтан, биыл «ДИАП Қазақстанның» «А» лигасына жолдама алуы үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын.

– Өзің айтпақшы, осы уақытқа дейін талай команда ауыстырдың. Солардың қайсысы есіңде қалды? Несімен?

– Ең есте қалған, маған ұнаған мықты команда… Айтсам, күлесің. 2017 жылы жазғы маусымда «Qazaqstan» сапында ойнадым. Футболдың нағыз ләззатын сезіндірген командам сол еді. Құрамымыз да мықты болатын. Көпшілік бізден жүлде күтті. Өзіміз де содан дәмелі едік. Алайда, қиындықтар көп болды. Маусым бастала салысымен негізгі ойыншыларымыздың бірі Гайдар Ысқақов аяғын сындырып, біріншіліктен шет қалды. Одан кейін Есет Жұбаев еңбек демалысына байланысты Алматыға кетіп қалды. Сосын қырсық шалып, капитанымыз Асқар Мұхтаров төрт ойынға дисквалификация алды. Сөйтіп маусымды бес ойыншымен өткіздік және бәріне тегеурінді қарсылас бола білдік деп ойлаймын.

– Сонымен, жаңа маусымнан не күтесің? Қай команданың чемпиондығына бәс тігесің?

– Өзгелер секілді мен де жаңа маусымды асыға күтіп жүрмін. Жас журналистер келіп жатыр. Солардың арасында теңбіл допты ұршықша иіретіндер кездесіп қалады деп үміттенемін. Ал бәске келер болсам, дәл қазір болжам айту қиындау. Дегенмен, 3-4 турдан кейін бәрі белгілі бола бастайды. Көпшілігі «Хабар» деп жатыр ғой. Мен де солай айта салайын. Бірақ, оларға биылғы маусым оңай болады деп айта алмаймын. Чемпиондық тәждерін шешетін уақыттары жеткен шығар.

– Жалпы, “Хабарды” тоқтата алатын команда бар ма? Олардың мықтылықтарының құпиясы неде?

– Тоқтатуға болады. Өткен жылы ЦАИ МИК РК командасы олармен терезесі тең дәрежеде ойнады. Ал «Егемен Қазақстан», тіпті жеңіске жетті. Сондықтан, олардың да әлсіз тұстары бар. Ал мықтылықтарының құпиясы – үнемі бірге жаттығу жасап, бір құраммен бес-алты жылдан бері ойнап келеді. Өзгелер секілді командасындағы ойыншыларын маусым сайын өзгертпейді. Басқа турнирлерге де осы құраммен қатысады. Оның үстіне, Нұрсұлтан Құрман секілді білікті капитаны бар. Бәрін ұйымдастырып, чемпиондықтың кепілі болып отыр. Әр командаға осындай капитан қажет-ақ.

– Осы Лигада қай әріптестеріңнің ойындары ұнайды?

– Сүйсінетін ойыншыларым көп. Жаңа айтып өткен Нұрсұлтан Құрманның ойынды үйлестіре білетіні ұнайды. Амангелді ағам Сейітханның финттары көз сүйсіндіреді. «Қаламгер» сапындағы Шыңғыс Мұқанның да ойыны көпке үлгі. Былтыр бір командада доп тептік. Өкінішке қарай, Шықаңның пастарын кәдеме жарата алмадым. Әйтпесе, допты адресатына қолмен қойып бергендей етіп жеткізе алатын шеберлігі бар. Футболды Месси мен Роналдудан кем ойнамайтын басқа да журналистер жетерлік. Бірақ, бәрін тізбектей берсең, екеумізге уақыт жетпейді.

– Қайта өзіңе келейікші. Қазір «Хабар 24» телеарнасында қызметтесің. Бірақ БАҚ лигаға қатысатын «Хабардың» үш командасының да тізімінде жоқсың. Неліктен?

– «Хабар 24» телеарнасында «Overtime» бағдарламасын жүргіземін. Әйтсе де, бұл арнада қызметте емеспін. Жалпы, бұған дейінгі маусымдарда агенттіктің командаларынан ұсыныстар түскен. «Хабар 24»-те шақырды, «Ел арнадан» да ұсыныстар болды. Бірақ, әртүрлі себептерге байланысты барғым келмеді. Жалпы, БАҚ лигада ең ұзақ ойнаған командам – «Егемен Қазақстан». Мұнда екі маусым доп тептім. Онда да осы редакцияда қызметте болғандықтан ойнауыма тура келіп жатты. Әйтпесе, бұл команданың да ішкі атмосферасы дұрыс емес еді. Биыл «Егемен» капитаны Алмас Манап осы мәселемен мықтап айналыспақшы екен. Алдағы маусымда бәрі дұрыс болады деп ойлаймын.

– Ермаш, енді соңғы сұрақ. Жалпы, БАҚ лига туралы көзқарасың қалай? Бұл жоба журналистерге не береді? Қандай өзгерістер күтесің?

– Көзқарасым өте тамаша. Журналистердің бір-бірімен етене араласуына көптеген мүмкіндіктер берді. Бұрын бір-бірімізді танымаушы да едік, көрген жерде амандаспай өте шығатын журналистер болатынбыз. Қазір барлық БАҚ өкілдерінің қарым-қатынасы жақсарды. Бәрінің ортақ әңгімесі – БАҚ лига. Негізі, жыл соңында әртүрлі форумдар қаптап кетеді ғой. Ал БАҚ лигада апта сайын форум. Әріптестер бір-бірімізбен футбол алаңында кездесіп, ойыннан соң әртүрлі мәселелерді талқылап жатамыз. Бұл журналистер қауымы үшін таптырмас жоба.

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here