Айта кетейік, шілде айында басталған Журналистер лигасы екі айға созылып, аптаның әр сенбісі мен жексенбісінде астаналық қаламгерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Тарлан Арена» стадионында достық қарым-қатынаста өзара үздікті анықтады.
Біріншілікке еліміздің ең беделді телеарналары мен газет-журналдары және сайттарының шығармашылық қызметкерлерінен құралған 13 команда қатысты. Олар өткен маусымның қорытындысы бойынша, екі Лигаға бөлінген. «А» лигасында «Хабар» телеарнасы, «Егемен Қазақстан» газеті, «Қазмедиа» орталығы, «Асыл арна» телеарнасы, «Спорт 59» журналистер құрамасы мен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Ақпараттық-талдау орталығы бақ сынаса, «В» лигасында «Elorda aqparat» агенттігі, «Хабар 24» телеарнасы, «Qazaqstan» ұлттық арнасы, Муфтият.кз, «Еуразия+ОРТ» телеарнасы, «Қазинформ» ақпарат агенттігі және «Қаламгер» журналистер құрамасы қатысты.
Екі айға созылған біріншіліктің қорытындысы бойынша «Хабар» телеарнасы жеңімпаз болып танылып, BAQ league-ның төрт дүркін чемпионы атанса, «Егемен Қазақстан» күміспен күптеліп, ЦАИ МИК РК қолаға қол жеткізді.
Кеше «Тарлан Арена» стадионында маусымның рәсімі өтіп, Лиганың үздіктері мен жеңімпаз және жүлдегерлері марапатталды. Марапаттау рәсіміне Қазақстан футбол федерациясының құрметті президенті Сейілдә Байшақов, қазақ футболының ардагері Айтбай Жамантаев, «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Хабар» агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев, «Elorda aqparat» агенттігінің директоры Қайсар Жұмабайұлы, BI group құрылыс компаниясының PR және қоғамдық даму департаментінің директоры Гаухар Керімова, «Астана ақшамы» газетінің редакторы Ғалым Қожабеков, белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан және танымал журналист Шыңғыс Мұқан қатысты.
Айта кетейік, номинация иегерлері команда капитандары мен жетекшілерінің дауыс берулері нәтижесінде анықталған болатын. Енді BAQ league-ның келесі маусымы қараша айының соңында басталады.
BAQ league үздіктері
«А» лигасы:
1-орын: «Хабар» телеарнасы
2-орын: «Егемен Қазақстан» газеті
3-орын: ЦАИ МИК РК
Үздік сұрмерген: Нұрсұлтан ҚАБЫЛБЕК (Хабар) – 19 гол
Үздік қақпашы: Дмитрий ПОКИДАЕВ (ЦАИ МИК РК)
Үздік қорғаушы: Ершат ҚОЖАТАЕВ (Хабар)
Үздік шабуылшы: Нұрсұлтан ҚАБЫЛБЕК (Хабар)
Үздік ойыншы: Құмарбек АЗАТ (Қазмедиа)
«В» лигасы:
1-орын: «Elorda aqparat» агенттігі
2-орын: «Хабар 24» телеарнасы
3-орын: «Qazaqstan» ұлттық арнасы
Үздік сұрмерген: Бексаттар САТТАР (Elorda aqparat) – 26 гол
Үздік қақпашы: Қанат БАЗЫЛХАН (Қаламгер)
Үздік қорғаушы: Аят ДҮЙСЕМБАЕВ (Хабар 24)
Үздік шабуылшы: Бексаттар САТТАР (Elorda aqparat)
Үздік ойыншы: Елтай НҰРҒАЗИН (Elorda aqparat)