Кеше елордамыздың «Тарлан Арена» спорт кешенінде Журналистер кубогының шешуші ойындары өтті. Жартылай финалдың алғашқы жұбында ЦАИ МИК РК мен «Хабар» командалары кездескен. Соңғы кездері бұл командалар бір-бірімен қатты қырқысып жүр. Өткен маусымда 2:2 есебімен тең түскен. Бұл жолы да біріншілік барысында өзара екі рет кездесіп, алдымен 5:5 есебімен «итжығыс» түссе, соңғы турда 4:4 есебімен қанағат білдіріп тарқасқан. Сондықтан, жартылай финал аясындағы бұл матчтың да тартысты өтетіні анық еді. Оның үстіне, көпшілік бұл кездесуді финалға балап жатты. Жартылай финалдың екінші жұбындағы командалардың да қарымды екендіктеріне қарамастан кубок ЦАИ МИК РК және «Хабар» жұбының жеңімпазына бұйырады деп кесіп айтқандар жеткілікті болатын.
Ал матч шынымен де тартысты өтті. Алғашқы минуттарды «Хабар» қарқынды бастап, Нұрсұлтан Қабылбек есеп ашқан. Артынша Жәнібек Базылбеков таразы басын теңестіргенімен чемпиондар тағы да шабуылға лап қойып, үзіліске дейін төрт гол соғып алды. Иә, 4:1 есебімен кейін көрермендердің көпішілігі «алтын тәжді» «хабарлықтарға» кигізіп қойған. Бірақ, бұған ЦАИ жігіттері келіспеді. Екінші таймды өте сәтті бастап, таразы басын теңестіріп кетті. Осылайша матч пенальти сериясына жақындап келе жатқан. Алайда, «сахнаға» Нұрсұлтан Қабылбек қайта шығып, матч тағдырын шешіп кетті. Қорытынды есеп – 6:4.
Жартылай финалдың екінші жұбында «Спорт 59» журналистер құрамасы мен «Sportinform» сайты кездесті. Алғашқылары «А» лигасында соңғы орын алған команда болса, «Sportinform» «В» лигасының соңғы сатысында. Тағы бір қызығы, «Sportinform» «В» лигасының жартылай финалдағы жалғыз өкілі. Қалған үшеуі «А» лигасының майталмандары. Қарсыласып бағу оңай болмағанымен спорттық сайттың жігіттері жап-жақсы ойнады. 1:4 есебімен жеңілгеніне қарамастан кез келген командаға қарсылас бола алатындығын дәлелдеді.
Сонымен, финал. «Хабар» мен «Спорт 59». Бір күнде үшінші ойынын өткізіп жатқан еліміздің басты спорт газетінің сайыпқырандары шешуші ойынға шаршаңқы шықты. Бірінші таймда тәп-тәуір ойнағанымен қарсыластарының екі голына жауап бере алмады. Ал үзілістен кейін «Хабар» қарқынын тіптен күшейтіп, матчты 6:1 есебімен аяқтады. «Спорт 59» командасына, тіпті, «хабарлық» Шыңғыс Ерғалиевтің алаңнан қуылғаны да көмектеспеді.
Осылайша «Хабар» Журналистер кубогының екі дүркін иегері атанды. Енді тағы бір рет жеңіске жетер болса, үш дүркін жеңімпаз ретінде ауыспалы кубокты өздерінде мәңгі қалдырады.