«В» лигасының жеңімпазы анықталды. Біріншіліктің аяқталуына бір тур қалғанда Elorda aqparat командасы бірінші орынды ресми түрде рәсімдеді.
Әлбетте, Elorda aqparat ешкімнің көмегіне мұқтаж емес еді. Бірақ, бас жүлдені ертерек рәсімдеуге Қайсар Жұмабайұлының жігіттеріне «Qazaqstan» командасы көмектесті. Мұның алдында үшінші орынға көтеріліп, күмістен де үмітті болған ұлттық арна командасы күтпеген жерден Sportinform сайтынан 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Qazsport телеарнасының редакторы Тұрлыжан Әйтенов дубль авторы атанса, Sportinform сайтының редакторы Айдын Қожахмет бір гол соқты. Ал ұлттық арна сапынан Жарқын Тілеухор тура соққысымен көзге түсті.
Дегенмен, онсыз да Elorda aqparat бұл турда «В» лигасының жеңімпазы атанар еді. Өйткені, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Баспасөз қызметін 5:3 есебімен тізе бүктірген «елордалықтар» қоржындарына кезекті үш ұпайды салып, басты бәсекелестері «Хабар 24» пен «Qazaqstan»-ды жеткізбей кетті. Енді командаға келесі маусымда «А» лигасындағы айқастарға дайындалу қажет. Ал соңғы турда Elorda aqparat командасының сапында алаңға Қайсар Жұмабайұлы мен Ғалым Қожабеков шығады деген сыбыс бар.
13-ші турдың тағы бір кездесуі тең аяқталды. Негізі, Мағжан Жұмабаевтың дублі мен Әзиз Жұмаділдің голынан кейін «Қаламгер» бірінші таймның қорытындысы бойынша «Еуразия+ОРТ» сапындағы әріптестерін 3:1 есебімен жеңіп жатқан. Алайда, соңғы екі минутта босаңсып қалып, қарсыластарының екі шабуылын өткізіп алды. Қорытынды есеп – 3:3.
«В» лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.