Журналистер лигасының 11-ші туры «В» лигасының көшбасшылары «Elorda aqparat» пен «Хабар 24» үшін өте сәтсіз болды. Алғашқылары бір ұпайға әзер қол жеткізсе, екіншілері ойсырай ұтылып, жалқы ұпайға да зәру болып қалды.
Дегенмен, турдың шымылдығын «Sportinform» мен «Еуразия+ОРТ» командалары түрген. Екі командаға да ұпай ауадай қажет еді. Редакция басшылары жігіттеріне еңселерін тіктеуді тапсырған. Сондықтан шығар, ойын бірден қарқынды шабуылдармен басталып, доп қос қақпаның алдында кезек домалап жатты. Ал есепті ашқан «еуразиялықтар». Алайда Жасқанат Аманжоловтың голы спорт сайтының жігіттерін ашуландырмаса, жігерлеріне құм себе алған жоқ. Көп ұзамай «Qazsport» телеарнасының редакторы Тұрлыжан Әйтенов таразы басын теңестіріп кетті де, үзіліске командалар 1:1 есебімен шықты. Екінші таймда қос команда көбіне қорғанысқа көңіл бөліп, бар күштерін ойын соңына сақтады. Ал матчтың аяқталуына екі минут қалғанда көрермендер 4 голдың куәсі болып, кездесу 3:3 есебімен аяқталды. «Sportinform»-ға бір ұпай сыйлаған Qazsport телеарнасының журналистері Тұрлыжан Әйтенов пен Асқар Турлин.
Ал «Хабар 24» күтпеген жерден «Qazaqstan TV» командасынан 0:4 есебімен ойсырай ұтылды. Әр таймда екі голдан соққан ұлттық арна жігіттері турнир кестесінде 3-ші орынға көтерілді. Басты бәсекелестері «Хабар 24»-ке қарағанда бір ойын кем өткізгендерін ескерсек, бұл команда «кіші күмістен» де үмітті.
Алайда, 8-ші турда нағыз ерлікті «Қаламгер» командасы жасады. «В» лигасының басты фавориті «Elorda aqparat»-пен кездескен Амангелді Сейітхан бастаған жігіттер бірінші минуттан бастап қақпасына гол жіберіп алмаудың қамына кірісіп, қорғанысына «микроавтобус» қойып тастады. Бұл тактика 19-шы минутқа дейін нәтижесін берген. Бірақ, «елордалықтардың» қарқынды шабуылдары ақыры өз жемісін беріп, алдымен Нүркен Жамбаев есеп ашса, үзіліске санаулы секундтар қалғанда Санжар Кеңесов таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, қос команданың бірінші айналымдағы кездесуінде де бірінші таймда осындай есеп тіркеліп, үзілістен кейін қамшы басқан «елордалықтар» «Қаламгер» қақпасын тағы 10 рет тескен. 12:2 есебімен аяқталған сол матч әлі есімізде. Бұл жолы да сол сценарий қайталанады дегендер көп болды. Алайда, қорғаныста өте сауатты ойнаған «Қаламгер» қос нәтижелі қарымта шабуылдардың арқасында таразы басын теңестіріп кетті. Есеп – 2:2, голдарды соққан Әзиз Жұмаділ мен Мағжан Жұмабаев. Дегенмен, бұл тең ойын «Elorda aqparat»-тың турнир кестесіндегі жағдайына еш әсер еткен жоқ. Олар әлі де көш басында және маусым соңына дейін ешкім ығыстыра алмайтын тәрізді.
«В» лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.