Журналистер біріншілігі «А» лигасының 8-ші турынан кейін чемпиондықтан үмітті екі-ақ команда қалды. «Хабар» және ЦАИ МИК РК. Чемпиондықтың тағдыры келесі турда-ақ шешілуі мүмкін немесе соңғы турға дейін инрига сақталуы ғажап емес.
Чемпиондықтан басты үмітті – «Хабар». Кеше «Спорт 59» командасымен кездескен Нұрсұлтан Құрман бастаған жігіттер қарсыластарының бір голына жеті тура соққымен жауап берді. Осылайша турнир кестесінде 20 ұпаймен басты бәсекелесі ЦАИ МИК РК командасынан 6 ұпайға ұзап кетті. Енді оларға алдағы екі турда бір ұпай жинаса да жеткілікті.
«Хабарды» биыл ЦАИ МИК РК ғана қуып жете алады. Кеше Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің командасы «Асыл арна» жігіттерін 7:2 есебімен ойсырата жеңді. Бірінші таймда көрермендер екі-ақ гол көре алғанымен екінші таймда «Асыл арна» телеарнасының қызметкерлері ашық футболға көшіп, нәтижесінде таблода ірі есеп тіркелді.
Ал маусым алдында чемпиондықты аңсаған «Егемен Қазақстан» қазір тым болмаса жүлделі орындарға ілігудің қамын ойлап жүр. Кеше қиян-кескі кездесуде «Қазмедианы» 7:5 есебімен тізе бүктірген «егемендіктер» турнир кестесінде үшінші орынға көтеріліп, минимум мақсаттарына жетті. Енді олар алдағы екі турда күміс үшін «күресетін» болады. Дегенмен, кешегі матч та «Егемен Қазақстан» үшін оңай болған жоқ. Алғашқы минуттарды өте сәтсіз өткізген олар 10-шы минуттан бастап қана өз ойындарын таба бастады. Бұл уақытта қақпаларынан үш доп алып шығып та үлгерген еді. Ал «Қазмедиа» қарсыласының қарқынына төтеп бере алмады. Шындығына келгенде қорғаныстағы қателіктер мен қақпадағы сәтсіздіктер өткен маусымның қола жүлдегерін турнир кестесінде 4-ші орынға тастап жіберді.
«А» лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.