«В» лигасының 9-шы туры «Қаламгердің» алғашқы жеңісімен есте қалатын болды. Ал «Elorda aqparat» пен «Хабар 24» басты бәсекелестерінен тағы ұзай түсті.
Турдың шымылдығын «Қаламгер» мен «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Баспасөз қызметі» түрген. «Муфтияттықтар» турнир кестесінде үздік үштікте келе жатқандықтан бұл жолы да оңай жеңіске жететіндіктеріне сенімді болған. Дегенмен биылғы маусымда әлі жеңіске жетіп көрмеген «Қаламгер» бұл матчқа барынша дайындықпен келген екен. Төрешінің ысқырығы естіле салысымен тізгінді өз қолдарына алып, екінші минутта-ақ есеп ашты. Шыңғыс Мұханның қорғаушылардың арасынан қорғаушылардың арасынан қиып берген пасын ашық қақпаға түрте салу Әзиз Жұмаділге қиын болған жоқ. Ал араға тағы екі минут салып, Әзиз айып добы арқылы «муфтияттықтардың» қақпасына екінші голды соқты. Үзілістен кейін де ешнәрсе өзгерген жоқ. «ҚМДБ Баспасөз қызметі» ойын тағдырын өзгертуге тырысқанымен «Қаламгер» қарымта шабуылдың арқасында тағы бір гол соғып алды. Бұл жолы Мағжан Жұмабаев допты тура «тоғыздыққа» тоғытты. Алайда, Әзімбек Құралбаев бір гол соғып, «муфтияттықтарды» ірі жеңілістен құтқарып қалды. Қорытынды есеп – 3:1, «Қаламгер» қаруын енді асынған сияқты.
Бұл жеңіс «Қаламгердің» турнир кестесіндегі орнына еш әсер етпесе де, «ҚМДБ Баспасөз қызметінің» басты бәсекелесі «Хабар 24» командасына үлкен көмегін тигізді. Өз кезегінде «хабарлықтар» тартысты өткен телеарналар дербиінде «Еуразия+ОРТ» командасын тізе бүктірді. Матчтағы жалғыз голды екінші таймда Аят Дүйсембаев соқты.
Ал турдың соңғы кездесуінде «В» лигасының лидері «Elorda aqparat» осы біріншіліктің басты аутсайдері «Sportinform» командасының қақпасына жауапсыз жеті гол соқты. Бірінші таймда-ақ қарсылас қақпасына үш гол соғып алған «елордалықтар» үзілістен кейін де қарқындарын жоғалтпай, спорттық сайттың қақпасына тағы төрт гол соқты. Айбек Рахымов, Бексаттар Саттар және Қасым Исламов дубль авторы атанса, Орынбек Пазылов BAQ league-дағы бірінші голын тойлады.
«В» лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.