Кеше Журналистер біріншілігінде «А» лигасының 7-ші тур ойындары өтіп, үш кездесудің екеуі тең аяқталды.
Турдың орталық кездеуінде ЦАИ МИК РК мен «Егемен Қазақстан» командалары кездескен. Әу баста чемпиондықтан басты үміткер саналған қос команда қазір 2-ші орын үшін таласуда. Ал ойынды «егемендіктер» қарқынды бастады. 6-шы минутта-ақ есеп ашқан Еркебұлан Жомарт араға тағы сонша уақыт салып, таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Ал одан кейін қорғанысқа көңіл бөлуге тырысып, министрлік қызметкерлерінің шабуылдарына төтеп беруге тырысты. Бірақ, соңына қарай шаршап қалып, Абдулла Төкеновтің екі голын өткізіп алды. Есеп 2:2, бұл жеңіс екі команданы да қанағаттандырмады.
«Спорт 59» бен «Асыл арна» арасындағы матч та тартысты өтіп, командалар бір-бірінің қақпасына үш голдан соқты. Бірінші таймда телеарна жігіттері 2 гол соғып алғаннан кейін тізгінді қарсыластарының қолына беріп қойған тәрізді. Үзілістен кейін қарқындарын тіптен күшейтіп, есепте алға шығуға дейін барды. Алайда, жеңісті ұстап тұра алған жоқ. Есеп 3:3.
«Хабар» мен «Қазмедиа» арасындағы матч та тартысты өтеді деп күткенбіз. Бірінші айналымда 1:7 есебімен ойсырай жеңілгеннен кейін «қазмедиалықтар» қорытынды шығарған болар деп те ойладық. Бірақ, «сол жартас» екен, еш қарсылық көрсете алмады. Есеп – 5:0, Нұрсұлтан Қабылбек әдеттегідей хет-трик авторы атанса, Бимухамед Букеев пен Шыңғыс Ерғалиев бір-бір голдан соғып, «Қазмедиа» қақпасын шұрқ тесік қылды.
Осылайша 7 турдан кейін «Хабар» 17 ұпаймен басты бәсекелесі ЦАИ МИК РК командасынан 6 ұпайға ұзап кетті. Енді бір жеңіс болса, чемпиондықты біржола рәсімдейді.
«А» лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.