Журналистер кубогында жартылай финалға шыққандар белгілі болды

0
594
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

Бүгін елордамыздың «Тарлан-Арена» спорт кешенінде Журналистер кубогының ширек финалдық ойындары өтіп, жартылай финалға жолдама алған төрт команда анықталды. Оның біреуі «В» лигасының өкілдері.

Алдымен алаңға «Qazaqstan» ұлттық арнасы мен «Sportinform» сайты шыққан. Әу баста ұлттық арна капитаны Асқар Мұхтаров «бізге Кубоктың аса қажеті жоқ. Бар күшімізді «В» лигасына саламыз» дегенімен ойын барысында «Qazaqstan» командасы жеңістен дәмелері зор екендіктерін көрсетті. Рас, есепті «Sportinform» жігіттері ашқанымен естерін дереу жиған ұлттық арна ойыншылары таразы басын теңестіріп те, есепте алға шығып та үлгерді. Дегенмен, матч 3:3 есебімен аяқталып, көрермендер осы маусымдағы алғашқы пенальти сериясын тамашалады. Ал пенальти сериясында «Астана» қақпашысы Ненад Эричтің ерлігін қайталаған Тұрлыжан Әйтенов «Qazaqstan» ойыншыларының үш соққысын да қайтарып, «Sportinform» сайтын жартылай финалға шығарды.

Осылайша «Sportinform» командасы жартылай финалдағы «В» лигасының жалғыз командасы. Өйткені, «Қаламгер» мен «Elorda aqparat» өз ойындарын ұтылып қалды. Алайда, «Қаламгер» үшін бәрі сәтті басталған. «Спорт 59»-бен кездескен олар есепті де бірінші болып ашты. Мағжан Жұмабаевтың әлгі голынан кейін өздеріне деген сенімділік те пайда болған. Бірақ, қатарынан кірген екі гол «Қаламгер» ойыншыларының сағын сындырды. Ал одан кейін «А» лигасының командасына қарсы еш әрекет жасай алмады. Қорытынды есеп – 8:1.

Сол секілді, «В» лигасында көш бастап тұрған «Elorda aqparat»-тың да «А» лигасының лидері «Хабарға» қарсы аргументі болмады. Бірінші таймның соңына таман бір гол жіберіп алған Қайсар Жұмабайұлының жігіттері үзілістен кейін ашық ойынға көшіп, қақпаларына тағы 5 гол жіберіп алды. Өздері тек екі-ақ тура соққымен жауап берді. Есеп – 6:2.

Ал жартылай финалдың соңғы жолдамасы ЦАИ МИК РК командасына бұйырды. «Асыл арна» қақпасына жауапсыз бес гол соққан олар Журналистер кубогынан дәмелері зор екендіктерін дәлелдеген секілді.

Сонымен, Журналистер кубогы жартылай финалының жеребе тарту рәсімі ертең ЦАИ МИК РК мен «Егемен Қазақстан» кездесуінің қарсаңында өтеді.

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here