«А» лигасының біріншілігі белортасынан асты. Алда әлі бір айдай уақыт бар. Бас жүлдеге тартыстың әлі де қыза беретіні түсінікті. Дегенмен, BAQ league-ның үш дүркін чемпионы «Хабар» кешегі турдан кейін басты бәсекелестерінен тағы да ұзап кетті.
Кеше «Хабар» журналистері «Асыл арна» командасын 3:1 есебімен тізерлетті. Бірінші айналымдағы өзара ойындарында Нұрсұлтан Қабылбек бес гол соғып, командасының жеңісіне сүбелі үлесін қосқан. Бұл жолы да сұрмерген дубль жасады. Тағы бір гол команда капитаны Нұрсұлтан Құрманның еншісінде. «Асыл арна» тарапынан Ербол Кенжебаев жалғыз тура соққымен жауап берді.
«Егемен Қазақстан» мен «Спорт 59» арасындағы текетірестің бірінші ойыны 2:2 есебімен аяқталып, бас газеттің жігіттері әзер дегенде таразы басын теңестірген. Кеше де ұтылып қала жаздады. Еркін Бектенов пен Рүстем Смағұловтың голдарынан кейін «Спорт 59» командасы 2:1 есебімен алға шыққан. Алайда, үзілістен кейін «егемендіктерді» тоқтату мүмкін болмады. Қорытынды есеп 5:2, Алмас Манап бастаған жігіттер жүлдеге таласқа қайта кірісті.
Ал алғашқы реваншты ЦАИ МИК РК командасы жасады. Бірінші айналымда «Қазмедиадан» 1:2 есебімен ұтылып қалған олар бұл жолы 3:2 есебімен басым түсті. Ойын өте тартысты өтіп, жүйкесі сыр берген үш ойыншы алаңнан қуылды.
«А» лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.