Журналистер лигасы төртінші маусымының бірінші айналымы артта қалды. Бірқатар тартысты матчтардың куәсі болып, көптеген жігіттердің ойындарына қол соқтық. Солардың бірқатары бірінші айналымның таңдаулы құрамына кіруге әбден лайық.
Қақпашы
Жасын БІРКЕНОВ (Хабар 24). «Хабар 24» ешқашан мықты қақпашыларға кенде болмаған. Бұрын Нұржан Түзелбек те үнемі таңдаулы құрамдардан түспейтін. Ал қазір Жасын Біркенов бар. Кейде қақпасына кірпіштен қорған қалап тастағандай әсер қалдыратын Жасын тіпті, Риат Шони тарапынан орын алған бәсекелестікті де сезіп жатқан жоқ.
Қорғаушылар
Асқар МҰХТАРОВ (Qazaqstan). Бұрынғы маусымдармен салыстырғанда биыл «Qazaqstan» құрамы біршама өзгерген. Команданың капитаны да ауысты. Бірақ, соған қарамастан ұлттық арна ұжымы әлі де Асқар Мұхтаровтың ойынына байланысты. Бірінші айналымда екі-үш ойында өз командасының жеңісті голдарын соғып, бір турдың үздік ойыншысы да атанды.
Елтай НҰРҒАЗИН (Elorda aqparat). Өте сақ қорғаушы. Ойын шеңберінде дөрекілігі де бар. Негізгі міндеті қорғаныс болғанымен алаңның барлық шебінде де үлгеріп жүреді. Қай кезде алдыңнан шығып қалғанын да білмей қаласың. Жалпы, «Elorda aqparat»-тың аз гол жіберуіне бірден-бір себепкер қорғаушы.
Жартылай қорғаушы
Ернұр ДОСЖАНОВ (Хабар 24). Расымен де әріптестерінен жақсы ойнағандықтан ба, әлде өзін өзгелерден жоғары санайтындықтан ба, Ернұр Досжановтың жасыл алаңда командаластарымен тіл табысуы қиын. Тіпті, трансферлік терезе кезінде команда ауыстыратын да ойы болды. Алайда, Досжанов «Хабар 24»-те қалды. Бұл дұрыс та шығар. Ернұр болмаса, «Хабар 24»-ке маусымның қалған жартысы оңай болмас еді.
Шабуылшылар
Бексаттар САТТАР (Elorda aqparat). «В» лигасының сұрмергендер тізіміне көз жүгіртіңіз. Бексаттардың қалай таңдаулы құрамнан орын алғанына өзіңіз-ақ көз жеткізесіз. Жеті ойында 12 гол соғып жүрген бұл шабуылшы Журналистер кубогында «А» лигасының командасына қарсы ойында да мергендігімен көзге түскен.
Әзімбек ҚҰРАЛБАЕВ (ҚМДБ БҚ). Биылғы маусымның басты ашылуына айналған Әзімбек Құралбаев допты өзі ғана қақпаға тебетін сараң шабуылшылардың қатарынан емес, әріптестеріне де жағдай жасай біледі. Ал оның финттары әлі талай қорғаушының қорқынышты түсінен кетпесі анық.
Резерв
Қақпашы: Бекхан САЛЫҚОВ (Еуразия+ОРТ).
Қорғаушылар: Нұрсұлтан МАМЕДАЛИЕВ (ҚМДБ БҚ), Аят ДҮЙСЕМБАЕВ (Хабар 24).
Жартылай қорғаушы: Айбек РАХЫМОВ (Elorda aqparat).
Шабуылшылар: Еламан ЖАРҚЫНБЕК (Еуразия+ОРТ), Санжар КЕҢЕСОВ (Elorda aqparat).
«В» лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.