Журналистер лигасының «В» лигасы да бірінші айналымын тәмамдады. Көшбасшы анықталып қойған секілді. Ал жүлдеден үміттілер әлі де баршылық.
Кеше «В» лигасының 7-ші тур ойындары өтті. Алдымен алаңға BAQ league дебютанттары «Қаламгер» мен “Sportinform” шыққан. Екеуі де бұған дейінгі ойындарында жеңілістен көз ашпай келген команда. Соңғы орындарды өзара бөлісіп тұр. Бұл тұрғыда кешегі матчтан кейін де ештеңе өзгерген жоқ. Бірақ, өзара ойында аутсайдерлер 2:2 есебімен тең түсіп, бір-бірінен ұпай тартып алды, бәлкім сыйлады десек те болатын шығар.
Сондай-ақ, кеше «Хабар 24» пен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Баспасөз қызметі де кездесті. Матч алдында мамандар бірауыздан бұл ойынның фаворитіне «хабарлықтарды» жатқызған. Өздері де солай ойлағандары анық. Өйткені, алаңға мұрындарын аспанға көтеріп шыққандары көрініп тұрды. Бірақ, ҚМДБ БҚ алғашқы ойындарынан-ақ ешкімге оңайлықпен ұпай бермейтінін дәлелдеген команда. Кеше де бірінші таймда-ақ Әзімбек Құралбаевтың хет-тригі арқасында 3 гол соғып, үзіліске дейін-ақ жағдайларын жасап алған еді. Екінші таймда «Хабар 24» камбэк жасауға сәл-ақ қалды. Есепті теңестіруге де шамалары жеткен. Алайда, соңғы минутта Қанат Жұмашханның соққысы ойын тағдырын шешіп кетті. Қорытынды есеп – 4:3, ҚМДБ БҚ турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.
Ал «Qazaqstan» мен «Elorda aqparat» кездесуінде BAQ league тарихындағы алғашқы 0:0 есебі тіркелді. Қақпа маңдайшасы мен бағананың барлығын төмпештеп шыққан ойыншылар бір-бірінің қақпасынан сол күйі саңылау таба алмай кетті.
«В» лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады