«А» лигасында біріншілік шиелене түсті. Төртінші турдан кейін турнир кестесінде көш бастап келе жатқан «Хабар» мен басты бәсекелесі ЦАИ МИК РК арасын небәрі бір-ақ ұпай бөліп тұр. Сондай-ақ, бүгінгі турдан кейін өзге командалардың да чемпиондықтан үміттері пайда болды.
Турдың орталық кездесуінде «Хабар» мен «Егемен Қазақстан» командалары кездесті. Бұрын журналистер турнирінің «Эль-Классикосы» деп «Хабар» мен «Qazaqstan» арналары арасындағы ойынды айтушы едік, кейінгі кездері ұлттық арнаның орнын еліміздің басты газеті басқан сияқты. Чемпиондықтан дәмелері зор қос команданың ойынын күткендер өте көп болды. Орталық ойын өзінің статусын толығымен ақтады. Пенальтиден басқасының бәрін көрдік. Қос қақпаға үш-үштен алты гол соғылды, екі ойыншы алаңнан қуылды. Нағыз «Big Drama Show» тарту етті. Алдымен есепті екінші минутта-ақ «егемендік» Ғабит Тұрсымбаев ашқан. Араға 10 минут салып Ғабит дубль жасады. Бірақ, «хабарлықтар» да қарап қалған жоқ. Нұрсұлтан Қабылбек таблодағы көрсеткішті қысқартқан. Ал екінші тайм бастала бергенде Бимухамед Букеев таразы басын теңестіріп кетті. Осымен ойын тыншығандай көрінген. Алайда, алдымен Ершат Қожатаев алаңнан қуылып, «хабарлықтардың» халін қиындатса, Ғабит Тұрсымбаев хет-трик жасап, «егемендіктерді» жеңіске бір қадам жақындатты. Бірақ, өзі жақындатқан жеңісті өзі алыстатқан Тұрсымбаев екінші ескерту қағазын алып, алаңнан бір-ақ қуылды. Мұндай мүмкіндікті «Хабар» мүлт жіберсін бе?.. Оның үстіне, командада Қабылбектей қарқынды сұрмерген бар да, Нұрсұлтан құрман бастаған жігіттердің соңына дейін арпалысатыны белгілі. Матчтың аяқталуына екі минут қалғанда «Джуниордың» тепкен добы қақпа тоғыздығынан табылып, таблода 3:3 есебі тіркелді.
«Хабардың» сүрінгені ЦАИ МИК РК мен «Қазмедиаға» жақсы болды. Алғашқылары «Спорт 59» командасын қабылдаған. Маусымды тамаша бастап, кейін жүрістерінен жаңылған команда. Дегенмен, капитаны Бек Төлеудің туған күніне сыйлық жасағысы келгені бірінші минуттан-ақ көрінді. Тырысып бақты. Дмитрий Покидаевтың қақпасына бірнеше дүркін шабуыл жасап көрді. Алайда, шабуылдай жүріп, қорғанысты ұмытып кетті. 5-ші және 6-шы минуттарда соғылған жылдам гол бірден еңселерін түсіріп тастады. Ал матч соңында таблода 0:7 есебі тіркеліп тұрған еді. Айтпақшы, Бектің өзінде гол соғатын тамаша мүмкіндік болған. Бірақ, пенальтиден тепкен добы қақпа бағанасынан серпіліп, кері қайтты. Егер соққы сәл төмен ұшқанда ЦАИ қақпашысы ешнәрсе істей алмаушы еді.
Дәл қазір турнир кестесінде ЦАИ МИК РК «Хабардан» бар болғаны бір ұпайға артта келеді. Ал үшінші орында «Қазмедиа». Марғұлан Ибраев бастаған медиаорталық жігіттері «Асыл арна» журналистерін 6:3 есебімен тізерлетті. Дегенмен, бірінші таймнан кейін таблода 1:1 есебі көрсетіп тұрған еді. Құмарбек Азатттың хет-тригі «Қазмедиа» үздік үштіктен бір-ақ шығарды.
BAQ league төртінші маусымының серіктестері: Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, BI Group компаниясы, «Астана» ФК, Qazsport телеарнасы, Lifefootball дүкені, All Brands дүкені, «Арасан» суы, Mammas’ Pizza пицериясы.