Бүгін елордамыздың «Тарлан Арена» стадионында БАҚ өкілдері арасындағы Журналистер кубогы басталды. 1/8-финалдың қорытындысы бойынша келесі кезеңге жолдама алған сегіз команда белгілі болды.
Әу баста тартылған жеребеге сәйкес, ширек финалға автоматты түрде «Sportinform», «Qazaqstan» және «ЦАИ МИК РК» командалары жолдама алған. Бүгін бұлардың қатарына тағы бес команда қосылды.
Алдымен алаңға «Асыл арна» мен «Егемен Қазақстан» командалары шыққан. Екеуі де «А» лигасының өкілдері. Біріншіліктің 1-ші турында жолдары түйіскен. Сонда «Асыл арна» жігіттері ұтып жатып, «егемендіктерге» таразы басын теңестіруге мүмкіндік беріп қойған. Бұл жолы кешірмеді. Екінші минутта-ақ Асқар Хамиден гол соғып, еліміздің бас газетін алға шығарғанымен көп ұзамай, «Асыл арна» шабуылшысы Нұрболат Ғаниев таразы басын теңестіріп қана қоймай, командасын есепте алға шығарды. Ал үзілістен кейін «Егемен Қазақстан» ойынынан береке кетіп, қарсыластарының қарқынды шабуылдарына төтеп бере алмады. Қорытынды есеп – 5:2, «Асыл арна» ширек финалда.
«Хабар 24» пен «Спорт 59» арасындағы кездесуде Хасан Ташенов бастаған агенттік жігіттері үзіліске дейін өте сауатты ойнап, Аян Қайырбаевтың автоголы арқасында бірінші таймды өз пайдаларына шешкен. Алайда, үзілістен кейін ойындарының сиқы қашты. Допқа жүгірулерінен гөрі бір-бірімен сөз таластырулары көбейіп, алаңды айқай шуға айналдырды. Ал «алтау ала болса» не боларын өздеріңіз де білесіздер. Ұтып тұрған жерінен қарсыластарына 2:6 есебімен есе жіберіп қойды.
Бүгін «Хабар» командасының капитаны Нұрсұлтан Құрманның туған күні. Капитанына сыйлық жасағысы келген әріптестері ҚМДБ Баспасөз қызметіне қарсы кездесуде барын салды. Бірақ, тым қызбалыққа салынып кетіп, 15 минуттай есеп аша алмай жүрді. Тек Нұршапағат Несіпбаевтың тура соққысынан кейін ғана үстілерінен ауыр жүк түскендей жеңілдеген «хабарлықтар» ары қарай тізгінді уыстарынан шығарған жоқ. Ал Нұрсұлтан Құрманның өзі матчқа смокинг киіп келіп, Вилаш Боаштың мәнерінде командасын алаң жиегінде басқарып тұрды.
Журналистер кубогының 1/8-финалында «Еуразия+ОРТ» мен «Қаламгер» командалары кездесті. «В» лигасының қос аутсайдері арасындағы ойында ұзақ уақытқа дейін есеп ашылмай, екінші таймда Амангелді Сейітханның пасынан кейін Еркін Шәкір соққан жалғыз гол матч тағдырын шешіп кетті.
Ал «Elorda aqparat» «А» лигасының командасын ұтқан алғашқы команда атанды. «Қазмедиамен» кездескен Астана қаласының басты агенттігі қарсыластарын 3:1 есебімен оңай жеңді. Ойынның 2-ші минутында Санжар Кеңесов жылдам гол соқса, Аян Әбдуәли 9-шы минутта есепті 2:0-ге жеткізіп, араға тағы бір минут салып Бексаттар Саттар матч тағдырын шешіп тастады. Екінші таймның соңында Құмарбек Азат соққан гол «Қазмедианы» жеңілістен құтқара алмады.
Осылайша ширек финалға «Sportinform», «Qazaqstan» және «ЦАИ МИК РК» командаларынан бөлек, «Асыл арна», «Спорт 59», «Хабар», «Қаламгер» және «Elorda aqparat» жолдама алды.
BAQ league төртінші маусымының серіктестері: Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, BI Group компаниясы, «Астана» ФК, Qazsport телеарнасы, Lifefootball дүкені, All Brands дүкені, «Арасан» суы, Mammas’ Pizza пицериясы.