Бүгін BAQ league Ұйымдастыру комитетінің мәжілісі өтіп, Журналистер лигасының ұйымдастыру жұмыстарына байланысты бірқатар шешімдер қабылданды.
Трансферлік кезең бекітілді
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша, BAQ league IV маусымының трансферлік кезеңі бекітілді. «А» лигасында 4-ші тур мен 5-ші турдың аралығында, ал «В» лигасында 5-ші тур мен 6-шы турдың аралығында командалар құрамдарын BAQ league Регламентіне сәйкес жаңа ойыншылармен толықтыра алады. Атап айтсақ, трансферлік терезе 2018 жылдың 13 тамызында ашылып, тамыздың 17-сі күні (сол күнді қоса есептегенде) жабылады.
Трансферлік кезеңнің ережесі бойынша командалар өз сапына БАҚ саласының шығармашылық тобының өкілдерін, журналистика факультетінің студенттерін және журналистика факультетінің түлектерін қосуларына құқылы.
Құрамына жаңа ойыншы қосқан командалардың жетекшілері Ұйымдастыру комитетіне мына құжаттарды өткізулері тиіс.
Бұрынғы командасынан рұқсатнама (егер ойыншы Журналистер лигасында басқа команданың сапында болса)
Өтініш қағазы (еркін түрде)
Жеке куәліктерінің көшірмесі
Қызмет куәліктерінің көшірмесі 3х4 сурет (электрондық нұсқада)
Студенттік билет көшірмесі (студенттер үшін)
Студенттік сынақ кітапшасы (студенттер үшін)
Жұмыс орнынан анықтама (ҰК сұрауы бойынша)
Еңбек келісімшартының көшірмесі (ҰК сұрауы бойынша) – келісімшарт кемі үш ай бұрын жасалған болуы тиіс.
Зейнетақы қорынан анықтама (ҰК сұрауы бойынша) – соңғы үш айға.
Диплом көшірмесі (ҰК сұрауы бойынша)
Еңбек кітапшасының көшірмесі (ҰК сұрауы бойынша)
Ойындар кестесіне өзгеріс енгізілді
Трансферлік кезеңнің бекітілуіне байланысты Журналистер лигасының ойындар кезеңіне өзгеріс енгізілді. Нақты айтқанда, 11 тамыз күні өтуі тиіс тур ойындары 12 тамызға шегертіліп, 12 тамызға жоспарланған Журналистер кубогының 1/8-финалы 11 тамызға ауыстырылды.
– BAQ league-ның трансферлік кезеңі «В» лигасында 5-ші тур мен 6-шы тур арасында жалғасады. Ал «А» лигасында 4-ші және 5-ші тур аралығында жүргізіледі. Әу бастағы ойындар кестесі бойынша осы аралықта Журналистер кубогының ойындары тұр. Сондықтан, командалар трансфер кезінде ойыншыларын өзгертіп, Кубоктың 1/8-финалына жаңарған құраммен шықпас үшін BAQ league-ның ойындар кестесіне өзгерістер енгізілді, – деді бұл туралы жоба жетекшісі Әзиз Жұмаділ.
Сонымен қатар, ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілген «В» лигасының 3-ші туры аясындағы «ҚМДБ БҚ» – «Қаламгер» кездесуі 11 тамызға ауыстырылып, «Хабар 24» – «Еуразия+ОРТ» ойыны 18 тамызға шегертілді.
Бұдан бөлек, «Qazaqstan» командасының да өтініші қарастырылып, «В» лигасының 5-туры аясында өтуі тиіс, «Қаламгерге» қарсы кездесуі 18 тамызға шегертілді. Яғни, бұл күні команда екі кездесу өткізеді.
Регламентке өзгерту енеді
Жобаның келесі маусымынан бастап BAQ league-ның Регламентіне өзгеріс енгізіледі. Атап айтқанда, BAQ league командаларына ойыншыларды тіркеу үшін келісімшарт құжаты аздық етеді. Тек журналист, тілші, эфир-бағдарлама жүргізушісі қызметіндегі ойыншыларға ғана келісімшарт жарамды. Ал оператор, фотограф, дизайнер, режиссер, сценарист, техникалық редактор, монтажер сынды тағы басқа мамандар үшін келісімшарт құжаты жеткіліксіз.