Жексенбі күні «А» лигасының 3-ші тур ойындары өтіп, турнир кестесіне біраз өзгеріс енгізді. Турдың орталық кездесуінде «Егемен Қазақстан» командасының ұтылып қалуына байланысты көш басына жеке-дара «Хабар» шықты.
Журналистер лигасының үш дүркін чемпионы биыл да бабында. Бірақ, бұл жолғысы адреналинді жеңіс болды. «Спорт 59» командасымен кездескен «Хабар» бірінші таймның қорытындысы бойынша 1:2 есебімен жеңіліп жатқан. Ойындары да жүрмей қойды. Дегенмен, екінші таймда алаңға Нұрсұлтан Қабылбек пен Шыңғыс Ерғалиев шықты да, ойын тағдырын екеуара өздері-ақ шешіп тастады. Қорытынды есеп – 5:2, «Хабар» 7 ұпаймен турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.
«Хабармен» бірге «Асыл арна» мен «Егемен Қазақстан» да ілесуі керек еді. Бірақ, екеуі де үшінші турды өте сәтсіз өткізіп, қарсыластарынан ұтылып қалды. Мәселен, «Асыл арна» үзіліске дейін ЦАИ МИК РК командасымен терезесі тең дәрежеде ойнағанымен екінші таймда министрлік командасының қарқынына төтеп бере алмай, 2:4 есебімен жеңіліп қалды.
Ал «Егемен Қазақстан» күтпеген жерден «Қазмедиадан» оңбай жеңілді. Бірінші таймның ортасында «егемендіктердің» басты шабуылшысы Еркебұлан Жомарт алаңнан қуылып, жағдайлары тіптен қиындады. Бірақ, бұл кездің өзінде бас газеттің арқарлары 1:3 есебімен жеңіліп жатқан еді, ал кездесудің соңында таблода 4:7 нәтижесі тіркелді. Осылайша бұған дейін қатарынан екі ойында жеңілістің кермек дәмін татқан «Қазмедиа» маусымдағы алғашқы үш ұпайына қол жеткізді.
Турнир кестесіне көз жүгіртер болсақ, «Хабар» 7 ұпаймен көш бастап келеді. Қалған төрт команданың қоржындарында төрт ұпайдан. «Қазмедиа» мен «Спорт 59» командаларында әзірге жалғыз жеңістен.
«А» лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.