Астанада шағын футболдан Журналистер лигасының төртінші маусымы басталды. «Тарлан Арена» спорт кешенінде маусымның ашылу салтанаты өтіп, көпшілікке BAQ league-ның ресми маскоты таныстырылды.
Төртінші маусымның ашылу салтанатына Астана футбол федерациясының вице-президенті Ахмад Амиров, «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Қазақпарат» агенттігінің төрағасы Асқар Омаров және ВІ Group компаниясының Қоғаммен байланыс және маркетинг департаментінің басшысы Гаухар Керімова қатысты. Құрметті қонақтар біріншілікке қатысушыларға сәттілік тілеп, маусымды табысты аяқтауларына тілектестік білдірді. Ал командалар алдында «Аризона» қыздар ансамблі би билеп, өнерлерін көрсетті.
Айта кетейік, биыл BAQ league-ның төртінші маусымына әртүрлі телеарналар мен газет-сайттардан құралған 13 команда қатысуға өтініш білдірді. Олар өткен маусымдағы көрсеткіштеріне қарай екі біріншілікке бөлініп, «А» және «В» лигаларын құрады.
BAQ league төртінші маусымының серіктестері: Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, BI Group компаниясы, «Астана» ФК, Qazsport телеарнасы, Lifefootball дүкені, All Brands дүкені, «Арасан» суы, Mammas’ Pizza пицериясы.