«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Ринат Кертаев футболдан Журналистер лигасы туралы пікірін білдіріп, өз командасының биіктен түспейтіндігіне сенім білдірді.
– БАҚ лиганың соңғы турында журналистеріміздің футзал алаңында жан алысып, жан беріскен ойындарын көріп таң тамаша күйде болдым. Расында да, бұл нағыз – жарыс. Байқағаным, ешқайсысы жеңілгісі келмейді. Орайын тауып, әр команда өздері жұмыс істейтін ұйымның атын шығаруға бар күштерін салып жатыр. Бір жағы бас қосып, әріптестікті достыққа айналдыруға мүмкіндік сыйлап отырған Астана қаласының футбол федерациясына және ұйымдастырушылар алқасына көптен-көп алғыс айтқым келеді. Ал біздің агенттіктің жігіттері биыл үшінші рет чемпион атанып, мерейімізді өсіріп отыр. Бұл да біздің бір жетістігіміз. Сәтін салып, әріптестеріміз әрі қарай да осы биіктен түспеуге бар күш-жігерін салады деген сенімдеміз, – деді Ринат Думанұлы.
Шамкен БАЙЫРБЕК