Үшінші маусымның “Үміт ақтамаған үздіктері”

0
310
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

Әдеттегідей әр маусымның соңында Журналистер лигасының «Үміт ақтамаған үздіктер» құрамын ұсынамыз.

Әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Әр турнирден кейін ұйымдастырушылар немесе БАҚ өкілдері «Бейбақтар құрамы» немесе «Бейшаралар командасы», «ағаштар құрамы» деп әзіл-шыны аралас материалдар жариялап жатады. Біздің ұсынып отырған құрамымызда ешқандай «ағаш» жоқ, ешкім де бейшара емес. Бәрі жақсы ойнайды. Алайда, әртүрлі себептерге байланысты дәл осы маусымда жанкүйерлері мен командаластарының үміттерін ақтай алған жоқ. Сонымен, BAQ league үшінші маусымының «Үміт ақтамаған үздіктер» құрамын назарларыңызға ұсынамыз.

Қақпашы – Дмитрий ПОКИДАЕВ (Астана TV)

«Жақсы қақпашы – жарты команда» дегеннің растығына биыл тағы бір рет көз жеткіздік. Өткен маусымда үздік үштіктен көрінген «Астана TV» командасы бұл жолы небәрі жетінші орынмен шектелді. Бәрі де қақпашының жоқтығынан. Былтыр үздік кипер болған Дмитрий Покидаев биыл екінші турдан кейін жарақат алып, ары қарай командасына көмектесе алмады.

Қорғаушылар – Рауан ОМАРХАНОВ (Хабар) пен Абылай ТҰРЛЫБЕКОВ (ЦАИ МИК РК)

Бұрындары Рауан Омарханов негізгі құрамдағы орнын ешкімге бермейтін. Биыл көбіне қосалқы құрамда отырып қалып жүрді. Әсіресе маңызды ойындарда команда жетекшілерінің оған аса сенім арта бермейтіндігі байқалды. Өзі де аздап салмақ жинап алған секілді. Соңғы кездері бұл ойыншы «Хабардан» кетеді деген де сыбыстар бар.

«Qazaq radiolary» командасына қарсы ойында қарсыласына қол көтерген Абылай Тұрлыбеков капитанның қандай болмау қажеттігінің үлгісін көрсетті. Сөйтіп, бес ойыннан аластатылды. Егер ЦАИ МИК РК биыл жүлдеден қағылғанда онда бірінші кезекте обалы Тұрлыбековке болар еді.

Шабуылшылар – Азамат БЕРТИСОВ (Астана TV) пен Ибраһим ЕРЕНҒАЙЫП (Qazaq radiolary)

Былтыр Журналистер лигасының үздік шабуылшысы, әрі үздік ойыншысы болған Азамат Бертисов жарты жылдың ішінде бар білгенінен жаңылады деп кім ойлаған. «Астана TV» сапына өткен шабуылшы командаластарының үмітін ақтай алмады. Шабуылда жарытпағаны былай тұрсын, қорғаныстағы қателіктері де қарсыластардың біраз гол соғуына түрткі болды. Ақыр соңында жарақат алып, қатардан біржола шығып қалды.

Ибраһим Еренғайыпты жиі мақтаймыз, жарнамасын асырып жібереміз. Бірақ, осы ойыншының жарытып ойнағанын биыл ешкім көрген жоқ. Қатардағы көптің бірі болды. Бәлкім, біз оған тым көп сенім артып қойған шығармыз. Бәлкім, оның деңгейі осы шығар…

Резерв:

Қақпашы: Рүстем СЕРҒАЗИН (Qazsport),

Қорғаушылар: Еркін БЕКТЕНОВ (Астана TV), Асқат ҚАРАҚОЙШИЕВ (Qazaqinfo.kz),

Шабуылшылар: Олжас БАЖИКЕНОВ (Хабар), Әзиз ЖҰМАДІЛ (Qazaqinfo.kz).

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here