Астана журналистері арасындағы футзалдан BAQ league біріншілігінің үшінші маусымы ресми түрде мәресіне жетті. «Хабар» – үш дүркін чемпион. Дегенмен, биыл басқа да мықты командалардың барына, келесі маусым бұдан да тартысты боларына көз жеткіздік.
Сонымен, «Хабар» – чемпион. Биыл да бас жүлдені қанжығаларына байлады. Өздерінің мықты екендіктерін кезекті рет дәлелдеді. Рас, өзге командалардың да бірінші орыннан үміттері болған. Алайда, күміспен күптелген ЦАИ МИК РК бір жағынан голды аз соқты, екінші жағынан күтпеген жерден «Егемен Қазақстанға» жол берді. Әу баста басты фаворит саналған «Qazaq radiolary» әлі піспеген болып шықты. «Астана» телеарнасы да жасыл алаңда жақсы ойнағанымен паркетке келгенде білгендерінен жаңылды. Ең соңында «Егемен Қазақстан» ғана қалып еді, басты лидері Еркебұлан Алдабергенов алаңнан аластатылғаннан кейін оларды да өрге сүйрейтін көшбасшы болмады. Осылайша, сәттілік жолдас болды дейміз бе, әлде бабы мен бағы қатар шапты дейміз бе, әйтеуір, «Хабар» тағы да теңдессіз танылды. Иә, сәйкестік деуге келмейді, сәттілік жолдас болды деп айта алмайсың. Өйткені, оның барлығы күнде бағың жана беру мүмкін емес. Бұл жерде «Хабардың» шын мықты екендігін мойындауымыз керек шығар. Бәлкім, басқаларымызға да осы командадан үлгі алып, бір мезет кінәні өзімізден іздеген абзал болар. Сонда ғана бәсі жоғары, жаңа маусымда шынайы бәсекелес бола алатын команда жасақтай аламыз.
Ал соңғы турдың соңғы матчында «Хабар» – «Qazaq radiolary» журналистерімен кездесті. Чемпиондық осы ойында, осы командалар арасында анықталады деген ниетпен ұйымдастырушылардың қиыстырып қойғаны ғой. Дегенмен, маусым белортасына келгенде «Qazaq radiolary» командасының «добы жарылды». Осылайша алтыншы орыннан бір-ақ шығып, чемпиондықты былай қойғанда, жүлделі орындардан да үмітін үзді. Әйтсе де, «Хабарға» қарсы кәдімгідей қарсылық көрсетті. Әсіресе Бекнұр Нұрмағанбетов көсіле шауып, екі гол соқты. Алайда, «Хабар» жігіттері де қарап қалған жоқ. Нұрсұлтан Қабылбек покер авторы атанып, маусымдағы голдарының санын 60-қа жеткізсе, қалған үш голды Елнұр Жәмел, Бимухамед Букеев және Сапарғали Қанат соқты. Қорытынды есеп 7:3.
Ең тартысты ойындар «Егемен Қазақстан» – «Qazsport» және «Асыл арна» – «Қазмедиа» командаларының арасында өрбіді. Аян Әбдуәлидің бес голы “Qazsport” командасын “А” лигасынан айырcа, өз кезегінде тең есеп “Егемен Қазақстан” газетін жүлделі үштіктен тыс қалдырды. Ал келесі болып алаңға шыққан «Қазмедиаға» тең есеп те жеткілікті болатын. Алайда, 6:2 есебімен ұтып жатып, тым еркінсіп кеткен «қазмедиалықтарды» «Асыл арна» жігіттері дер кезінде орындарына қойды. Егер тағы бір-екі минут болғанда «Қазмедианың» жүлдесіз қалуы да мүмкін еді.
Соңғы турдың өзге ойындарына келер болсақ, үшінші маусымның соңғы турында “Qazaqinfo.kz” сайты “Спорт 59” командасының сегіз голына бір ғана тура соққымен жауап бере алды. Ал Журналистер лигасының үшінші маусымы “Хабар 24” командасы үшін сәтсіз аяқталды. Соңғы турда олар ЦАИ МИК РК жігіттерінен 1:13 есебімен ойсырай жеңіліп, біріншілікті 13-орынмен қорытындылады. Сондай-ақ, “Еуразия+ОРТ” командасын ұтқан “Астана TV” жазғы маусымға дайындықты қазірден бастап кетті. Ал Ұлттық арна дербиінде басты бәсекелестері “Qazaqstan” командасын жеңген “ДИАП Qazaqstan” келесі маусымда “А” лигасында бақ сынайтын болды.