Елордамызда футзалдан журналистер арасындағы BAQ league додасының үшінші маусымы мәресіне жетті. БАҚ өкілдерінен құралған 14 команда арасындағы біріншілікте «Хабар» журналистері чемпион атанды.
Астана футбол федерациясының аясында өткен BAQ league-ның биылғы біріншілігі үш айға созылған болатын. Әр жексенбі сайын бір турдан өтіп, жеңімпаз ұпай саны бойынша анықталды. Ал Қазақстан футбол федерациясы әр турдың үздік ойыншысын футболдан ұлттық құрамамыздың тарихи жейдесімен марапаттап отырды. Сондай-ақ, Mammas’ Pizza пиццериясы әр турдың лайықты командасына 5000 теңгенің сертификатын табыстады.
Кеше Журналистер лигасы үшінші маусымының ресми жабылу рәсімі өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы жүлделермен марапатталды. Бас жүлдені «Хабар» командасы жеңіп алса, екінші орынды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ЦАИ МИК РК командасы иемденіп, «Қазмедиа» орталығы үздік үштікке енді. Бір қызығы, «Хабар» осы біріншілікте қатарынан үшінші маусым чемпион атанды.
Журналистер лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.