Назарларыңызға Журналистер лигасы 12-ші турының таңдаулы құрамын ұсынамыз.
Қақпашы – Қанат БАЗЫЛХАН (Qazsport)
«Qazsport»-тың жанкүйерлері жақсы біледі, қақпада Қанат Базылхан тұрса, доптың өтуі қиын. Мәселен, осыған дейін барлық команданың қақпасына гол соғып келген «Қазмедиа» сұрмергені Құмарбек Азат дәл осы Қанат Базылханның алдында шарасыздық танытты. Әдетте кемі үш голдан кем соқпайтын еді, бұл жолы голсыз қайтты. Жалпы, «Қазмедианы» тоқтатуда Қанаттың еңбегі өте зор.
Қорғаушылар – Ернұр ДОСЖАНОВ (Хабар 24) пен Есет ЖҰБАЕВ (Qazaqstan)
12-ші турдың тағы бір сенсациялық кездесуінде «Хабар 24» командасы «Егемен Қазақстан» жігіттерін 5:4 есебімен тізе бүктірді. Ал осы ойында күні-түні жаңалық тарататын «хабарлықтардың» басты лидері Ернұр Досжанов болды. Тараз футбол мектебінің түлегі фавориттерге қарсы қалай ойнау керектігін көрсетіп, қарсыластардың шабуылшыларына еш мүмкіндік берген жоқ.
Үздік сегіздіктен көрінгісі келетін «Qazaqstan» командасы қатарынан екінші ойында жеңіске жетіп отыр. Екеуінде де команданы сүйреп жүрген капитаны – Есет Жұбаев. «Еуразия+ОРТ» жігіттеріне қарсы да бұл қорғаушы тыным таппай, кезекті хет-тригін жасады.
Шабуылшылар – Бимухамед БУКЕЕВ (Хабар) пен Арай ІЗБАЙ (Qazsport)
«Qazaqinfo.kz» командасына қарсы кездесу «Хабар» үшін сәтсіз басталды. Бірден қақпаларына екі гол жіберіп қойып, 0:2 есебімен жеңіліп жатты. Міне, осы кезде тізгінді өз қолына алып, командаластарын алға сүйреп, жеңіске бастар жолды тауып берген – Бимухамед Букеев. Өзі де үш гол соқты, әріптестеріне де әдемі пастар шығарып берді.
Әдетте қорғаныс шебінде ойнайтын Арай Ізбай көптен бері өзін шабуылда тексеріп көргісі келіп жүрген. «Қазмедиаға» қарсы кездесуде алғы шепте де жақсы ойнайтынын дәлелдеп, қарсылас қақпасына үш гол соқты. Сол үш гол «Qazsport»-қа жеңіс сыйлады.
РЕЗЕРВ
Қақпашы: Мұхтар ТҰРТАЕВ (Qazaq radiolary)
Қорғаушылар: Нұрсұлтан ҚҰРМАН (Хабар), Ермек Төрениязов (Qazsport)
Шабуылшылар: Маханбет ӘНУАРБЕКҰЛЫ (Спорт 59), Диас СӘРСЕНОВ (Астана TV)