BAQ league командаларының ойыншыларынан құралған елордалық журналистер Астана ардагерлер құрамасымен жолдастық кездесу өткізді. Еліміздің басты стадионы «Астана Аренада» өткен ойын журналистердің пайдасына 4:2 есебімен аяқталды.
BAQ league журналистері – Астана ардагерлер құрамасы 4:2
Голдар (журналистер): Берік Уәли-2, Ермұхамед Мәулен, Дәурен Берікқажы.
«Coca-Cola – Былғары доп» турнирінің аясында өткен жолдастық кездесуде Астана ардагерлер құрамасының сапында кезінде Целиноград футболының намысын абыроймен қорғаған Владимир Глевич, Владимир Павлюк, Александр Лисин, Игорь Басманов, Илья Меланич, Константин Котов, Игорь Свечников, Ербол Қошанов сынды ардагерлер ойнады. Ал журналистер командасы BAQ league ойыншыларынан құралды. Бірінші таймда журналистер қақпасын Қанат Базылхан қорғаса, екінші таймда қақпа құлпының кілтін Айбек Қабылша ұстап, тамаша сейвтерімен және пенальти қайтаруымен көзге түсті. Ал тартысты өткен кездесуде бірінші таймда журналистер Берік Уәли мен Ермұхамед Мәулен соққан голдардың арқасында 2:0 есебімен алға шықса, үзілістен кейін ардагерлер қарқын алып, таблодағы көрсеткішті қысқарта алды. Дегенмен, тамаша ұйымдастырылған шабуылдың нәтижесінде Берік Уәли тағы бір гол соғып, есепті 3:1-ге жеткізді. Ал осы аралықта Айбек Қабылша пенальти қайтарды. Рас, ардагерлер екінші голдарын соғып, таразы басын теңестіруге де шақ қалған. Алайда, бүгін туған күнін атап өтіп жатқан Дәурен Берікқажы екі-үш қорғаушыны алдап өтіп, жолдастық кездесуге әдемі нүкте қойды. Қорытынды есеп – 4:2.
BAQ league командасы
Қақпашылар: Қанат Базылхан (Qazsport), Айбек Қабылша (Хабар).
Қорғаушылар: Нұрсұлтан Құрман (Хабар), Еркебұлан Алдабергенов (Егемен Қазақстан), Әділет Құсайынов (Астана TV), Ермек Төрениязов (Qazsport), Досымжан Ермұрат (ДИАП Qazaqstan).
Жартылай қорғаушылар: Абылай Тұрлыбеков (ЦАИ МИК РК), Есет Жұбаев (Qazaqstan), Дәурен Берікқажы (Спорт 59), Ернұр Досжанов (Хабар 24), Бекнұр Нұрмағамбет (Qazaq radiolary), Әзиз Жұмаділ (Qazaqinfo.kz).
Шабуылшылар: Берік Уәли (Qazaqstan), Ермұхамед Мәулен (Егемен Қазақстан), Құмарбек Азат (Қазмедиа).
Ал «Coca-Cola – Былғары доп» аясында өткен 2003-2004 жылғы жеткіншектер арасындағы республикалық турнирдің финалында Оңтүстік Қазақстан облысы Қарабұлақ ауылының №89 «Қайнарбұлақ» орта мектебі мен Астана қаласының №37 мектебі командалары кездесті. Шешуші кездесуде Оңтүстік Қазақстан өңірінің командасы мықтылық танытты. Есеп – 3:1.
Турнир қорытындысы:
1 орын – ОҚО (№89 «Қайнарбұлақ» орта мектебі)
2 орын – Астана-1 (№37 ОМ)
3 орын – Алматы облысы.
Турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншылар марапатталды:
Үздік қақпашы – Камран Ахмадишин (Павлодар облысы);
Үздік қорғаушы – Алмат Қадырбаев (Ақмола облысы);
Үздік жартылай қорғаушы – Азамат Бескенов (Жамбыл облысы);
Үздік шабуылшы – Разбек Жұраған (Алматы облысы);
Үздік сұрмерген – Муроджон Халматов (ОҚО);
Үздік ойыншы – Рамазан Айтжан (Астана).