Журналистер лигасының 12-туры сенсациялық ойындарға толы болып, аутсайдерлер фавориттерге әжептеуір қарсылық көрсетті. Ал “Хабар” командасына ресми түрде чемпион атану үшін соңғы турда тек жеңілмесе жеткілікті.
Алдымен фавориттердің ойындарына тоқталайық. Иә, “Хабарды” тоқтату оңай емес. Биыл бұл командадан тек ЦАИ МИК РК ұпай тартып ала алды. “Qazaqinfo.kz” те матчты жақсы бастап, көшбасшыларды есеңгірете жаздаған. Тіпті, 2:0 есебімен алға шығып, сенсацияға жақын болды. Бірақ, естерін тез жиып алған “Хабар” журналистері қарқынын күшейтті де, матчты 8:2 есебімен аяқтады.
«Хабардың» басты бәсекелесі ЦАИ МИК РК командасы да қарсыласын аяған жоқ. “ДИАП Qazaqstan” командасын 8:2 есебімен жеңді. Жалпы, Ақпарат және Коммуникация министрлігінің чемпиондықтан теориялық үміті бар. Ол үшін соңғы турда “Хабар” жеңіліп, өздері қарсыласын кемі 30 гол айырмашылығымен жеңулері керек. 40 минутта сонша гол соғу мүмкін бе?
Ал “Qazsport” ерлік жасады. Үшінші маусымда үздік үштікке енуден үміттеніп отырған “Қазмедианы” 4:2 есебімен тізерлетіп, “Егемен Қазақстан” командасына үміт сыйлаған. Алайда…
…”Қазмедианы” жеңген “Qazsport” командасы “Егемен Қазақстан” газетіне үміт сыйлап, қола жүлдеге жақындата түскен. Дегенмен, “егемендіктер” қолдарында тұрған жеңістен айрылып, күтпеген жерден “Хабар 24” командасына жол беріп қойды.
Ал 12-шы турдың шымылдығын түрген кездесуде “Еуразия+ОРТ” командасы бірінші болып есепті ашқанымен “Qazaqstan” жігіттерінің қарқынына шыдай алмады. Асқар Мұхтаров пен Есет Жұбаев хет-триктен жасап, ұлттық арнаға осы маусымдағы үшінші жеңісті сыйлады.
Шыны керек, әу баста “Спорт 59” командасын ешкім менсінген жоқ. Алайда, Бек Төлеу бастаған “Спорт” газетінің өрендері таңғалдыруда. Бұл жолы олар “Асыл арнаны” 6:2 есебімен ұтты.
12-турдың ең тартысты кездесуі “Qazaq radiolary” мен “Астана TV” арасында өтті. Бірінші таймнан кейін 2:0 есебімен жеңіп тұрған телеарна майталмандары жеңісті есепті ұстап тұра алмай, радио журналистерімен ұпай бөлісуге мәжбүр болды.
Сонымен, Журналистер лигасында бір ғана тур қалды. Турнир кестесіне көз жүгіртсек, барлық жүлдегерлер анық сияқты. Әйтсе де, соңғы турды күтуіміз қажет. Себебі, өткен турда көз жеткізгеніміздей, BAQ league-да бәрі де мүмкін.
Журналистер лигасының соңғы үш турына қатыспағанына қарамастан Сұрмергендер тізімінде “хабарлық” Нұрсұлтан Қабылбекке жете алар ешкім жоқ. Дегенмен, “Спорт 59” шабуылшысы Маханбет Әнуарбекұлының да қарқыны қуантады.