Журналистер лигасының 11 туры артта қалды. Алда екі тур бар, бірақ чемпион анықталып қойған секілді. Егер ғайыптан тайып, екі ойынның бірінде опық жеп қалмаса, “Хабар” командасы Журналистер лигасының үш дүркін чемпионы атанайын деп тұр.
Ал кеше 10-шы турдың кейінге шегерілген ойындары өтіп, жеті ойында барлығы 84 гол соғылды. Яғни, әр кездесуде орта есеппен 12 голдан.
Жалпы, 10-шы тур дербимен басталды. Нақтырақ айтар болсақ, “Qazaqstan” ұлттық телерадио кешенінің дербиінде “Qazaqstan” ұлттық арнасы мен еліміздің бас спорттық арнасы “Qazsport” кездесті. Матчтың командалар үшін маңызды болғаны соншалық, соңғылары өткен турда “Хабарға” қарсы бұлай дайындалмаған еді. “Qazsport” 6:2 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесінде 9-орынға көтерілді. Олардың үздік сегіздіктен әлі үміттері бар.
Бұрындары “Алтын гол” деген болушы еді ғой. “Хабар 24” командасын сол ереже бойынша ойнату керек шығар. Әр матчта бірінші болып есеп ашатын олар, өкінішке қарай, өз басымдықтарын ұстай алмай қалып жатады. Бұл жолы да солай болды. Марат Тукатов өз командасын бірінші болып алға шығарғанымен қарсыластарының қарқынына төтеп бере алмады.
“Қазмедиа” мен “ДИАП Qazaqstan” арасындағы кездесудің алғашқы голын ұлттық арна журналистері соқты. Ойынның екінші минутында соғылған гол “қазмедиалықтарға” шапалақ болып тиіп, бірден ұйқыларынан оятып жіберді. Ал содан кейін оларды тоқтату мүмкін болмады. Құмарбек Азаттың өзі жеті гол соғып тастады. “ДИАП Qazaqstan”-ға тіпті, Қостанайдан арнайы келген Бағдат Тобылбай да көмектесе алмады.
Әу баста үздік бестіктен көрінуді көздеген “Qazaqinfo.kz” сайты өзінің дебютті маусымында сегіздіктің де қатарына кіре алмайтын секілді. Алғашқы маусымның қола жүлдегерінен ұтылған олар турнир кестесінде 11-ші орынға түсіп қалды.
Камбэк деп осыны айт. Журналистер лигасының дебютанттары арасында өткен дербиде “Асыл арна” телеарнасы бірінші таймнан кейін 1:5 есебімен жеңіліп жатқан. Үзілістен кейін де бірден қақпаларына доп өткізіп алып, есеп айырмашылығы бес голға дейін ұлғайды. Ал осыдан кейін еліміздің исламдық арнасында қызмет ететін жігіттерді тоқтату мүмкін болмады. Құдды бір, “Асыл арна” емес, алаңға “Астана” футбол клубы шығып кеткендей әсерде қалдырып, қатарынан сегіз гол соққан олар “Еуразия+ОРТ” журналистерін 9:6 есебімен тізерлетті.
10-шы турдың ең тартысты ойыны ЦАИ МИК РК мен “Астана TV” арасында өтті. Алма-кезек шабуылдармен өрбіген ойында елордалық телеарнаның ойыншыларына бір ғана гол жетіспеді. Әйтпесе, министрліктің командасынан еш нашар ойнаған жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, тұрақты қақпашылары болмады. Әйтпесе, қарсыласын ұпайдан қағатындай-ақ шамалары бар еді.
Ал турдың орталық ойыны “Егемен Қазақстан” мен “Хабар” арасында өтті. Соңғылары турнир кестесінде көш бастап келе жатса, “егемендіктер” тек бір ұпайға қалып, көшбасшының өкшесінен басып келе жатқан еді. Сондықтан, бұл матч қайтсе де тартысты өрбуі керек болатын. Өкінішке қарай, бес матчқа дисквалификация алған Еркебұлан Алдабергеновтің жоқтығынан интриганың шырқы бұзылды. Ал “Хабар” керісінше, Шымкенттен бас жұлдыздарының бірі Сапарғали Қанатты шақыртып, күшейіп алған екен. Соған қарамастан “Егемен Қазақстан” газеті Журналистер лигасының екі дүркін чемпионына лайықты қарсылас бола білді. Алайда, Аян Әбдуәлидің хет-тригі мен Ермұхамед Мәуленнің дублі аздық етіп, “егемендіктер” турнир кестесінде бірден 4-ші орынға түсіп қалды.
Турнир кестесінде “Хабар” басты бәсекелесі ЦАИ МИК РК командасынан 4 ұпайға ұзап кетті. Енді келесі турда “Qazaqinfo.kz” командасын жеңер болса, онда чемпиондықты ресми түрде рәсімдейді. Ал қалған екі орынға талас әлі де қызып тұр. Сондай-ақ, үздік сегіздікке кімдердің кіретіні де әзірге белгісіз.
Журналистер лигасының соңғы екі турына қатыса алмағанымен Сұрмергендер кестесінде “хабарлық” Нұрсұлтан Қабылбекке ешкім жете алмай тұр. Оның еншісінде 56 гол. Жалпы, бұл BAQ league тарихындағы ең голға бай маусым.