Назарларыңызға Журналистер лигасы 11-турының таңдаулы құрамын ұсынамыз.
Қақпашы – Бекхан САЛЫҚОВ (Еуразия+ОРТ)
Маусымның басынан бері «Еуразия+ОРТ» қақпасын кім қорғамады дейсіз? Алаңдағы ойыншыларының барлығы кезекпен қақпаға тұрып шықты. Бірақ, дәл Бекхандай ешкім бола алған жоқ. 11-турда «ДИАП Qazaqstan» ойыншылары қанша жерден шабуылдап, доптарды қарша боратқанымен Салықов соның де бірін де қақпасына дарытпады.
Қорғаушылар – Шыңғыс ЕРҒАЛИЕВ (Qazaq radiolary) пен Нұрсұлтан ҚҰРМАН (Хабар)
«Хабар 24» командасы «Qazaq radiolary» жігіттеріне әжептеуір қарсылық көрсетті. Тіпті, бірінші таймның қорытындысы бойынша таблода тең есеп тіркеліп тұрды. Міне, дәл осы кезде тізгінді қолына алып, қорғаныспен қатар шабуылда да ойқастай шапқан Шыңғыс Ерғалиев еді. Хет-трик жасады және қарсыластарын да барынша тырп еткізбеді.
«Qazsport» командасының «Хабар» қақпасына бар болғаны бір-ақ гол соғуы Нұрсұлтан Құрманның арқасында. «Хабар» капитанының өте сақ ойнайтыны соншалық, өткен турда көз алдымызға «Реалдағы» Серхио Рамосты елестетті.
Шабуылшылар – Маханбет ӘНУӘРБЕКҰЛЫ (Спорт 59) мен Аян ӘБДУӘЛИ (Егемен Қазақстан)
Тепкен добы голға айналатын Маханбет Әнуәрбекұлы «Астана ТВ» қақпасына үш гол соғып, кезекті хет-тригін жасады. Сондай-ақ, әріптестеріне де аз пас шығарған жоқ.
Сондай-ақ, Аян Әбдуәли де өткен турда үш гол соғып, «Егемен Қазақстанға» жеңіс сыйлады. Жалпы, Аянның биылғы ойыны көз қуантады. Бұрын тек ойын ережесін бұзумен ғана ерекшеленетін шабуылшы қазір осы лиганың ең үздік сұрмергендерінің бірі.
РЕЗЕРВ
Қақпашы: Қанат БАЗЫЛХАН (Qazsport)
Қорғаушылар: Асхат ОМАРОВ (Еуразия+ОРТ), Дидар МҰХАМЕДҒАЛИЕВ (ЦАИ МИК РК)
Шабуылшылар: Құмарбек Азат (Қазмедиа), Бимухамед БУКЕЕВ (Хабар).
Журналистер лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.