Журналистер лигасы – Чемпиондықтан төрт команда үмітті

0
282
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

Журналистер лигасының 11-ші тур ойындары өтті. Алда үш-ақ тур қалды. Ешкім де жеңілгісі келмейді, бәрі де бар күшін салуда. Тіпті, аутсайдерлердің өздері де фавориттермен “тістесуге” дайын екендіктерін көрсетті.

Әр ойынға жеке тоқталып өтсек.

Бұл ойында ұлттық арна жігіттеріне тек сәттілік жетіспеді десек артық айтқандығымыз емес шығар. Қақпашымен үш рет жеке-дара шығып, гол соға алмаған “Qazaqstan” журналистері “Қазмедиаға” соңына дейін қарсыласты. Тіпті, жеңіп кетуі де мүмкін еді. Алайда, соңына таман шаршап қалып, қақпасының құлпын қарсыласына беріп қойды.

“Таз ашуын тырнап алады” немесе “Тазы ашуын тырнадан алады”. Қай мәтелдің дұрыс екендігі туралы пікірталас үнемі болып тұрады. Дегенмен, қалай айтсаң да, мағынасы бір. Сол секілді, өткен турда “Егемен Қазақстан” газетінің алдында тізе бүккен ЦАИ МИК РК бұл жолы бар ашуын “Асыл арна” телеарнасынан алып, қарсыласының қақпасына 10 гол соқты. Қайта абырой болғанда, “асыл арналықтар” да бір тура соққымен жауап бере алды.

Журналистер лигасының қос дебютанты кездескен матчта “Еуразия+ОРТ” телеарнасы кішігірім сенсация жасап, капитансыз қалған “ДИАП Qazaqstan” командасын 2:0 есебімен ұтты. Бұл олардың BAQ league тарихындағы алғашқы жеңісі еді. Ұзағынан сүйіндірсін дейік. Ал ұлттық арнаның Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының командасы бұл кездесуге жанкүйерлерін де ертіп келіпті. Өте тамаша қолдап отырды. Өкінішке қарай, бұл аздық еткен секілді.

Өте тартысты өткен турнир кестесіндегі көршілердің кездесуінде “Спорт 59” бірінші таймды тамаша өткізіп, 7:1 есебімен алға шыққан. “Астана” телеарнасы үзілістен кейін ғана естерін жиып, гол соға бастағанымен камбэк жасауға уақыт жетпей қалды. Қорытынды есеп – 8:7, “Спорт 59” турнир кестесінде 5-ші орынға көтерілді.

“Qazsport” телеарнасы футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы сияқты. Соңына дейін жетпейді. Егер ойын бір таймнан тұрар болса, оларға ешкім де бәсекелес бола алмас па еді… “Хабармен” болған ойында да есепті бірінші болып ашты. Екінші таймның екінші жартысына дейін фавориттерді әбден састырды. Алайда, соңында өздерінің “тілдері салақтап” қалды да, голдарды бірінен соң бірін жіберді.

Биылғы маусымда Журналистер лигасында жолдары болмай жүрген “Хабар 24” командасы соңғы кездері ойындарын ала-құла өткізіп жүрген “Qazaq radiolary” ұжымымен кездескен. Матчқа жақсы дайындалып келіпті. Бірден есеп ашты. “Радиолықтар” таразы басын теңестіргенімен еңселерін түсірген жоқ, тағы да алға шықты. Бірінші тайм тең дәрежеде өтіп, үзілістен кейін “Хабар 24” қысымды күшейтеді деген сенім болған. Бірақ, шамалары жетпеді.

Шыны керек, бұл ойынды емес, келесі турдағы “Хабарға” қарсы матчты ойлаған “Егемен Қазақстан” командасы “Qazaqinfo.kz” сайтының жігіттерін қалпақпен қайырып аламыз деп ойлаған. Алаңға менсінбей шыққандары байқалды. Бірақ, “егемендіктер” бұл менмендіктерінің жазасын тарта жаздады. 3:0 есебімен ұтып жатып, “Qazaqinfo.kz” журналистеріне таразы басын теңестіруге мүмкіндік беріп қойды. Тек қарсыласының болмашы қателіктерінің арқасында ғана жеңісті жұлып алған “Егемен Қазақстан” турнир кестесіндегі екінші орынын сақтап қалды. Ал белгілі журналист, пародист Олжас Сыдықбек басқаратын “Qazaqinfo.kz” жігіттері шындап кіріссе, кез келген мықты командаңның өзінен ұпай алып қоя алатынын дәлелдеді.

11-ші турдан кейін Журналистер лигасының турнир кестесінде аса үлкен өзгеріс жоқ. Тек “Спорт 59” командасының үздік бестікке кіргенін айта кеткеніміз жөн. Ал бас жүлдеден әлі де 4 команда үмітті.

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here