Бүгіннен бастап сіздердің назарларыңызға әр тақырып және бағыт бойынша Журналистер лигасының ТОП футболшыларын ұсынамыз.
Астанада өтіп жатқан Журналистер лигасында 14 команда, 300-ге жуық ойыншы бар. Әлбетте, әрқайсысы өз алдына жеке бір тұлға. Бәрі де қайсар жігіттер. Дегенмен, біз солардың арасынан өздерінің харизматикалық қабілеттерінің арқасында командаластарын ғана емес, өзге ойыншыларды де ырқына бағындыра білетін BAQ league додасының ТОР-7 харизматикалық лидерлерін таңдап алып отырмыз.
- Досымжан ЕРМҰРАТ (ДИАП Qazaqstan)
Жалпы, айқайлай білгеннің барлығы харизмасы тасып тұрған лидер емес. Биязылықпен де, байсалдылықпен де көшбасшы бола аласыз. Сенбесеңіз, «ДИАП Qazaqstan» қорғаушысы Досымжан Ермұратқа қараңыз. «Сіз» деп сыпайылық танытып жүріп-ақ құрамында Ақорданың, әртүрлі министрліктің баспасөз хатшылары жиналған командаға капитан болып жүр.
- Ермек ТӨРЕНИЯЗОВ (Qazsport)
Рас, Ермек Төрениязов Журналистер лигасындағы ең байсалды, тыныш ойыншылардың бірі. Алайда оның алаңдағы және алаң сыртындағы беделі «Qazsport» командасын осы турнирдегі ең сыйлы ұжымдардың бірі етіп тұр.
- Мұхтар НИЯЗОВ (Асыл арна)
Көшбасшы болу үшін қарсыластарыңа айқайлап, әріптестеріңнің басына әңгіртаяқ ойнату міндетті емес. Көшбасшы болу үшін міндетті түрде капитан болудың да қажеті жоқ. Харизма – бұл туа бітті қонатын қасиет. «Асыл арнаның» аламаны Мұхтар Ниязовқа қарап, түйгеніміз осы.
- Абылай ТҰРЛЫБЕКОВ (ЦАИ МИК РК)
ЦАИ МИК РК командасында бәрі де өз алдына бір лидер. Міне, солардың барлығына бас болып, капитандық міндетті абыроймен атқарып жүрген Абылай Тұрлыбековтың көшбасшылық қабілетін осылай-ақ байқауға болады. Оның еңселі тұлғасының өзі «менің ғана сөзім жүреді» деп тұрғандай. Кім біледі, өзінің көшбасшы екенін айғақтату үшін соңғы ойында қарсыласына әдейі барып киліккен де шығар.
- Қанат БАЗЫЛХАН (Qazsport)
Шыны керек, «Qazsport»-тың ойыны Ермек Төрениязовқа емес, Арай Ізбайға емес, тіпті Талғат Қайыргелдинге де емес, қақпашысы Қанат Базылханға байланып тұр. Қанаттың қақпадағы жанкешті ойыны өз командасын алға сүйреп қана жүрген жоқ, өзге командаларды да састырып жүр.
- Нұрсұлтан ҚҰРМАН (Хабар)
«Хабар» капитанының өзгелерден артықшылығы сол, алдағы болатын нәрсенің барлығын бес күн бұрын болжап, жай-жапсарды алдын-ала ойластырып отырады. Сондықтан шығар, Нұрсұлтанның екі аттап, биге шығып кетіп жатқан кездері де аз емес. Кез келген тығырықтан еш қиындықсыз шыға білетін Құрманды осындай қабілеті үшін командаластары көшбасшы етіп сайлап қойған секілді.
- Мағжан ТӨЛЕУОВ (Қазмедиа)
«Қазмедиа» қорғаушысы Мағжан Төлеуовті бірінші маусымнан бері байқап келеміз. Бұрынғымен салыстырғанда бүгінде шеберлігі едәуір артқан, көшбасшылық қабілетінің де күшейгенін айта кетуіміз керек. Рас, «қазмедиалықтардың» ешқайсысы да оңай шағылар жаңғақ емес. Әрқайсысының өз адуын мінездері бар. Бәрі де өз алдына бір лидер. Бірақ, шыны керек, жеңіп жатқанда бәрі де батыр да, ойындары жүрмей жатқанда қайнап, қарсыластарын ғана емес, әріптестерін де танымай қалып жатады. Міне, сондай сәттерде командасын сабырға шақыратын осы Мағжан Төлеуов.
- Хасан ТАШЕНОВ (Хабар 24)
Капитанның эталоны Хасан Ташеновтей-ақ болсын. Ешқашан артық әрекетке жол бермейтін ол қажет кезде шабуылда да ойнап, керек десең, қақпаға да тұрып береді. Журналистер лигасында өз командасының ойыншылары ғана емес, қарсыластары да сыйлайды. Қорыққанынан емес, әрине.
- Асқар МҰХТАРОВ (Qazaqstan)
Командасының шамасы жетпей, жеңіліп жатқанда жалаңаш жауға шабатын ойыншылардың бірі – Асқар Мұхтаров. Осы ойыншының харизмалық қасиетінің арқасында «Qazaqstan» қай қарсыласымен болсын, соңына дейін айқасып, соңғы күштері қалғанша ұпай алып қалуға тырысып жатады. Жасыратыны жоқ, оның бір ғана көзбен атып қарағаны кез келген ойыншыны састырып жібереді.
1.Әділет ҚҰСАЙЫНОВ (Астана TV)
Естіп жатамыз, көз де жеткізіп жүрміз, Әділет Құсайынов командаластарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын капитандардың бірі. Харизматикалық қабілеті көзге ұрып тұр. Көшбасшылық қасиетінің зор болғандығынан шығар, ешкімді өзінен артық сөйлетпейтін ол кез келген мықтыңның мысын бір ғана көзқарасымен басып тастайды.
Міне, бүгінгі біздің «ТОП-10» ойыншыларымыз осылар. Бізбен бірге болыңыздар, таяуда назарларыңызға өткен маусымдарда жақсы ойнап, биыл бабына келе алмай жүрген Журналистер лигасының «ТОП-10» ойыншын ұсынатын боламыз.