Назарларыңызға Журналистер лигасы 7-ші турының таңдаулы құрамын ұсынамыз.
Қақпашы – Берік ШӘПЕТОВ (Егемен Қазақстан)
Шыны керек, дәл қазіргі таңда Журналистер лигасында «егемендік» Берік Шәпетовке бәсекелес болар қақпашы жоқ. Жетінші турда да командасын жеңіске алып шыққандардың бірі болып, «Астана TV» жігіттерінің бір соққысын да қақпасына дарытқан жоқ. Тек өз командасының ойыншысы Еркебұлан Алдабергеновтан серпілген допты жіберіп алды.
Қорғаушылар – Еркебұлан Алдабергенов (Егемен Қазақстан) пен Ермек Төрениязов (Qazsport)
Бұл екеуі бір командада ойнаса, талай шабуылшыны сорлатады екен ғой. «Астана TV» командасымен болған кездесуде қарсыластарын тырп еткізбеген Алдабергенов қорғаныста ғана емес, шабуылда да атой салып, покердің авторы атанды. Тіпті, өз қақпашысын да аяған жоқ.
Ал Ермек Төрениязов «Qazaqinfo.kz» сайтының жігіттеріне қарсы кездесуде өз командасының дирижері болып, барлық шабуылдарды ұйымдастырып отырды. Оның екі голы қарсыластарының сағын сындырып, «Qazsport»-қа көптен күткен жеңісті сыйлады.
Шабуылшылар – Нұрсұлтан ҚАБЫЛБЕК (Хабар) пен Маханбет ӘНУАРБЕКҰЛЫ (Спорт 59)
«Хабар 24» командасының ғана емес, Журналистер лигасындағы барлық қорғаушылардың қорқынышты түсіне кіретін Нұрсұлтан Қабылбектің таңдаулы құрамға кіруі дәстүрге айналды. Әр тур сайын өз мықтылығын дәлелдеп келе жатқан шабуылшы өткен турда да 6 гол соқты.
«Спорт 59» командасының скауттары мықты. Әр маусым сайын, әйтеуір, бір жұлдызды жарқ еткізіп жатады. Биыл Маханбет Әнуарбекұлын танытып жатыр. Әр тур сайын екі-үш голдан соғатын сұрмерген екен. Бірақ, «ДИАП Qazaqstan» қақпасына 4 гол соғып, өз командасын жеңіске жеткізді.
Резерв
Қақпашы: Қанат БАЗЫЛХАН (Qazsport)
Қорғаушылар: Нұрсұлтан ҚҰРМАН (Хабар) мен Саламат БЕЙСЕ (Qazaq radiolary)
Шабуылшылар: Ибраһим ЕРЕНҒАЙЫП (Qazaq radiolary) пен Құмарбек АЗАТ (Қазмедиа)
Журналистер лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.