Назарларыңызға Журналистер лигасының 5-ші турының таңдаулы құрамын ұсынамыз.
Қақпашы – Дарын ШЕҢГЕЛБАЙ (Астана TV)
Бәлкім, Дарын Шеңгелбайға түбегейлі қақпаға ауысқан дұрыс шығар. Соңғы кездері «астаналықтардың» 9-шы нөмірлі ойыншысы расымен де қақпаға әбден төселіп алды. Тіпті, кейбір кезде Покидаевтың өзінен артық тұратын секілді көрінеді. Осымен қатарынан екінші рет турдың таңдаулы құрамына еніп отырған Дарынға маусым соңында капитандар үздік қақпашы атағын беріп жатса да таңғалмаймыз.
Қорғаушылар – Асқат ОМАРОВ (Еуразия+ОРТ) және Дидар МҰХМЕТҒАЛИЕВ (ЦАИ МИК РК)
Бесінші турда маусымның басты фавориттерінің бірі «Хабар 24»-пен кездескен «Еуразия+ОРТ» командасы 4:4 есебімен тең ойнап, Журналистер лигасындағы алғашқы ұпайына қол жеткізді. Әлбетте, әр ойыншысының еңбегі зор. Дегенмен, Асқат Омаровтың ерлігін ерекше атап өткен жөн болар. «Еуразиялықтардың» капитаны әр доп үшін жанын беріп, «24-«тіктердің шабуылшыларына еш мүмкіндік берген жоқ.
Журналистер лигасында әр ойында 2-3 голдан соғып жатқан қорғаушылар аз емес. Дегенмен, қорғаныста да, шабуылда да сауатты ойнайтындары сирек. «Qazaqinfo.kz» командасының қақпасына хет-трик жасаған Дидар Мұхамедғалиевті бұл ойында тұсап ұстау мүмкін болған жоқ.
Шабуылшылар – Аян ӘБДУӘЛИ (Егемен Қазақстан) және Құмарбек АЗАТ (Қазмедиа)
Бұған дейін жеңілістің кермек дәмін татып көрмей келе жатқан «Qazaq radiolary» командасын тоқтатқан «Егемен Қазақстанның барлық ойыншыларын таңдаулы құрамға кіргізуге болар еді. Алайда, өзге командаларға да құрметпен қарауды жөн көрдік. Ал «егемендіктердің» сапынан Аян Әбдуәлиді таңдап отырмыз. Оның үш голы «радиолықтардың» еңсесін түсіріп жіберді.
Өткен маусымның үздік шабуылшысы Құмарбек Азат қысқы маусымда да өз шеберлігін дәлелдеуде. Рас, басында аядай залға үйренісе алмай жүргендей көрінген. Алайда, соңғы ойындар оның нағыз бабына еніп келе жатқанын көрсетті.
Резерв
Қақпашы: Берік ШӘПЕТОВ (Егемен Қазақстан),
Қорғаушылар: Асқар МҰХТАРОВ (Qazaqstan) және Абылай ТҰРЛЫБЕКОВ (ЦАИ МИК РК)
Шабуылшылар: Жандос МАНАШЕВ (ДИАП Qazaqstan) және Ермұхамед МӘУЛЕН (Егемен Қазақстан)
Журналистер лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.