Журналистер лигасының төртінші турынан кейін турнир кестесінде суырылып алға шыққан команда белгілі болды. Енді «Qazaq radiolary» командасының көшбасшылығы қашанға дейін жалғасар екен?..
Капитаны Бекнұр Нұрмағамбетовтың жоқтығына қарамастан «Қазақ радиосы» кеше «Еуразия+ОРТ» командасының түгін қоймады. Футбол терминінде мұнша голдың авторын қалай айтатынын білмейміз, бірақ Ибраһим Еренғайып 11 гол соғып, сұрмергендер тізімінде Нұрсұлтан Қабылбекке жақындап қалды. Ал таблода 15:0 есебі тіркелді.
Тур «Асыл арна» – «Хабар 24» кездесуімен басталды. Олжас Күлтешов бастаған «асыл арналықтар» қанша жерден қайсарлық көрсетіп баққанымен «хабарлықтардың» осы маусымда алғашқы жеңіске жетуіне кедергі бола алмады. Есеп – 3:5.
Дәл сондай есеп «Qazsport» пен «Астана TV» арасындағы кездесуде де тіркелді. Есепті бірінші спорттық арнаның жігіттері ашқан. Алайда «Астана TV» осы маусымда екінші рет камбэк жасап, жеңісті жұлып алды.
«ДИАП Qazaqstan» мен «Qazaqinfo.kz». Екеуі де Журналистер лигасының дебютанттары. Дегенмен, ұлттық арнаның жаңалықтар қызметі бұған дейін тек алаңның сыртында ғана жеңіске жеткен. Яғни, осы матчқа аутсайдер ретінде келген. Көпшілігі Олжас Сыдықбек жетекшілік ететін сайттың жеңісіне сенімді болған. Алайда, кішігірім сенсация орнап, 3:1 есебімен «ДИАП Qazaqstan» жеңіске жетті.
«Qazaqstan» – «Хабар». Бұрын бұл текетірес журналистер додасының өзіндік «Эль-Классикосы» болатын. Бірақ, кейінгі кездері ұлттық арна футбол әлеміндегі өз позициясын аздап жоғалтып алды. Бұл жолы да ірі есеппен ұтылды. Рас, матчты тамаша бастап, Есет Жұбаев соққан голдың арқасында есепте алға шыққан. Дегенмен, қуаныштары ұзаққа созылған жоқ.
«Егемен Қазақстан» газетінің командасы осы маусымда бірінші рет ұпай жоғалтты. Осы кезге дейін жеңілістің кермек дәмін татпаған олар «Қазмедиадан» ұтылды. Ал «Қазмедиа» 4-ші орынға көтерілді.
Чемпиондықтан үміткерлердің бірі – ЦАИ МИК РК. Бұл жолы Ақпарат және байланыс министрлігінің командасы Бек Төлеудің «Спорт 59» командасымен кездескен. Бірінші таймда ЦАИ қарсылас қақпасына жауапсыз алты гол соқты. Алайда, үзілістен кейін бар күштерін шабуылға жұмсаған «Спорт 59» ақырындап есеп айырмашылығын қысқарта берді. Егер қақпашысы бабында болғанда қарсыласын сан соқтырып кетуі де мүмкін еді.
Журналистер лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.