Назарларыңызға Журналистер лигасы үшінші турының таңдаулы құрамын ұсынамыз.
Қақпашы – Қанат БАЗЫЛХАН (Qazsport)
«Хабар» мен «Хабар 24» командаларының негізгі құрамына өтпей қалған Қанат Базылхан трансферлік маусымның соңғы минуттарында «Qazsport»-тан пана тапқан болатын. Үшінші турда осы маусымдағы алғашқы ойынын өткізіп, бірден үздік атанды. «Қазақ радиосына» қарсы кездесуде «Qazsport»-тың бар болғаны екі гол жіберіп алуы көп жағдайда қақпашысына байланысты болды.
Қорғаушылар – Жалын ТІЛЕУБЕРГЕН (Qazaq radiolary) мен Ер-Ұлан НҰРЛАНОВ (ЦАИ МИК РК)
«Қазақ радиосы» сапына осы маусымда ғана қосылғанына қарамастан «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі командасына бірден сіңісіп кетті. «Qazsport»-қа қарсы кездесуде өзінің нағыз бабына келгенін дәлелдеген Жалын Тілеуберген қарсыластың әр шабуылына лайықты тойтарыс беріп отырды.
Тағдырдың үйлестіріп қойғаны шығар, өзінің туған күнінде «Хабармен» кездескен Ер-Ұлан Нұрланов қарсыласының қақпасына командасының алғашқы голын соқты. Қорғаныста да сауатты ойнап, «хабарлықтарды» оңайлықпен өткізген жоқ…
Шабуылшылар – Нұрсұлтан ҚАБЫЛБЕК (Хабар) пен Ермұхамед МӘУЛЕН (Астана TV)
…Бірақ, басқа-басқа, биылғы маусымда Нұрсұлтан Қабылбекті тұсап ұстау қиын болып тұр. Үш турда 18 гол соғып тастаған сұрмерген үшінші турдың орталық кездесуінде ЦАИ МИК РК қақпасына да дубль жасады.
Ал «таңдаулы құрамда» Қабылбекпен тандемді Ермұхамед Мәулен құраса жарасып кетеді-ау. «Егемен Қазақстан» командасының шабуылшысы бұл турда «Спорт 59» қақпасына дубль жасап, өзінің кезекті әдемі голдарын соқты.
Резерв
Қақпашы: Айбек ҚАБЫЛША (Хабар),
Қорғаушылар: Әлібек МІРҚАСЫМОВ (Qazaqinfo.kz), Мағжан ТӨЛЕУОВ (Қазмедиа).
Шабуылшылар: Руслан ТӘУІРШЕ (Асыл арна), Азамат БЕРТИСОВ (Астана TV)
Журналистер лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.