Журналистер лигасының турнир кестесінде ұпай жоғалтпаған екі-ақ команда қалды. Дегенмен, біріншілік ұзақ, әлі талай өзгерістер болатыны анық. Ал үшінші турдың орталық кездесуінде өткен екі маусымның чемпионы «Хабар» мен соңғы кездері көшбасшылардың біріне айналған ЦАИ МИК РК командалары кездесті.
Кеше Журналистер лигасының үшінші туры өтті. Әр жексенбі сайын «Евразия» спорт кешенінің залына жиналатын БАҚ өкілдері бұл жолы «Хабар» мен ЦАИ МИК РК командалары арасындағы ойынды тағатсыздана күткен еді. Екеуінің де құрамы қарымды, кілең «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер жиналған. Бірақ бірінші минуттан-ақ «хабарлықтар» шабуылға лап қойып, басты сұрмергендері Нұрсұлтан Қабылбек айналдырған алты минуттың ішінде дубль жасап, таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. «Хабардың» бастапқы қарқынына таңғалған көрермендер «осымен бітті» десті. Өйткені, расымен де чемпиондар шабуылдарын үсті-үстіне үдетіп, тағы үш-төрт гол соғатын мүмкіндіктерге ие болған еді. Алайда, соның барлығына абыроймен төтеп берген Ақпарат және байланыс министрлігінің командасы бірінші таймда ағайынды Нұрлановтардың тандемі арқасында таблодағы көрсеткішті қысқартты да, матчтың аяқталуына үш минут қалғанда «Хабардың» қақпасы алдындағы қарбаласты пайдаланған Жәнібек Базылбеков таразы басын теңестіріп кетті. Қорытынды есеп – 2:2, нағыз чемпиондық ойынды тамашаладық. Дегенмен, егер соңғы минутта қақпашымен жеке-дара шыққан ЦАИ МИК РК шабуылшысы Дәурен Жолдасов өз мүмкіндігін мүлт жібермегенде «хабарлықтар» мүлдем ұпайсыз қалуы да мүмкін еді.
«Егемен Қазақстан» мен «Спорт 59» арасындағы кездесуде еліміздің бас газетінің журналистері қарсылас қақпасына жауапсыз бес гол соқты демесеңіз, үшінші турдағы өзге ойындардың барлығы тартысты өтті. Мәселен, «Qazaqstan» корпорациясының кезекті дербиінде «Qazsport» командасы осы маусымның басты фаворитіне баланған «Qazaq radiolary» командасына әжептеуір тойтарыс беріп, тіпті бірінші болып та есеп ашты. Алайда, жылдам да, тәжірибелі қарсыластарына қарсы тұра алған жоқ. Қорытынды есеп – 2:1, «радиолықтар» 100 пайыздық көрсеткішпен турнир кестесінде көш бастады.
Айтпақшы, бұл жексенбі дебютанттардың екі дербин тамашалаған тур болды. Біріншісінде «Qazaqinfo.kz» сайты 3:1 есебімен «Еуразия+ОРТ» арнасындағы әріптестерінен үш ұпайды ала білсе, өте тартысты өткен «Асыл арна» мен «ДИАП Qazaqstan» арасындағы кездесудің тағдырын соңғы минутта соғылған гол шешіп, «Асыл арна» осы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Сондай-ақ, «Астана TV» мен «Qazaqstan» және «Хабар 24» пен «Қазмедиа» арасындағы ойындар да тартысты өтіп, алғашқысында ұлттық арна жігіттеріне есепті теңестіру үшін сәл ғана уақыт жетпей қалса, екіншісінде, керісінше «қазмедиалықтар» шешуші голды соңғы минуттарда соғып кетті.
Журналистер лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.