Назарларыңызға Журналистер лигасы 2-ші турының таңдаулы құрамын ұсынамыз.
Қақпашы:
Рүстем СЕРҒАЗИН (Qazsport)
Екінші турдың ең тартысты ойыны «Qazsport» пен «Хабар 24» арасында өтті. Бірінші турда «Qazaqinfo.kz» командасынан ұтылып қалған «хабарлықтар» бұл матчқа тыңғылықты дайындықпен келген. Егер Рүстем Серғазиннің адам сенгісіз сейвтері болмағанда «Qazsport» жігіттері бірінші таймда-ақ қақпасына үш-төрт гол жіберіп қояр еді. Ал Серғазиннің соңғы шептегі сенімді ойыны үзілістен кейін командаластарына қосымша қуат беріп, еліміздің басты спорт арнасы таразы басын теңестіре алды.
Қорғаушылар:
Бимухамед БУКЕЕВ (Хабар 24) пен Александр ОЛЕЙНИК (Астана ТВ)
Орталық ойынның басты кейіпкерлерінің бірі Рүстем Серғазиннен бөлек, «Хабар 24» қорғаушысы Бимухамед Букеев болды. Командасының басты моторы. Қорғаныста ғана емес, шабуылда да пайдалы. «Qazsport» қақпасына гол соққан да осы Букеев.
Сондай-ақ, Александр Олейник те таңдаулы құрамға енді. «Астана» телеарнасының алғашқы үш ұпайды еншілеуіне зор үлесін қосқан Олейник «Qazaqinfo.kz» командасының қақпасына екі гол соқты. Біреуін айып соққысы арқылы. Қорғаныста да капитаны Әділет Құсайыновпен жұп құрған ол сайт шабуылшыларын оңайлықпен өткізген жоқ.
Шабуылшылар:
Ибраһим ЕРЕНҒАЙЫП (Қазақ радиосы) пен Әбдікәрім ӘБДРАХМАНОВ (Қазмедиа)
«Қазақ радиосының» ойыны капитаны Бекнұр Нұрмағамбетке де емес, шабуылшысы Шыңғыс Ерғалиевке де емес, студенті Ибраһим Еренғайыпқа байланып тұр. «Егер Ибраһим болмаса, «радиолықтар» жай ғана ортанқол командалардың біріне айналып қалады», – дейді көпшілік. «Qazaqstan» ұлттық арнасын жеңуге де осы сұрмергеннің үш голы көмектесті.
Әбдікәрім Әбдрахманов осы маусымдағы бірінші ойынын өткізіп, бірден покер жасады. Рас, ол болмаса да «Қазмедиа» «Спортс 59» командасын ұтуы мүмкін еді. Дегенмен, дәл осы 7-ші нөмірлі шабуылшының жоқтығы бірінші турда қатты білінген.
РЕЗЕРВ:
Қақпашы: Нұржан ТҮЗЕЛБЕК (Хабар 24);
Қорғаушылар: Әділет ҚҰСАЙЫНОВ (Астана ТВ), Олжас КҮЛТЕШОВ (Асыл арна);
Шабуылшылар: Абылай ТҰРЛЫБЕКОВ (ЦАИ МИК РК), Шыңғыс ЕРҒАЛИЕВ (Қазақ радиосы).
Журналистер лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.