Елордамыздың «Евразия» спорт кешенінде өтіп жатқан футзалдан Астана Журналистер лигасының екінші турынан кейін турнир кестесінде ұпай жоғалтпаған төрт команда қалды. Дегенмен, маусымның басты фаворитін тап басып анықтау әлі де қиын.
Есептер өте ірі. 17:0, 17:1, 13:0 сынды нәтижелер жетерлік. Бірақ, оған аса қатты мән берудің қажеті жоқ-ау. Аядай залда, оның үстіне, әуесқой командалардың ойындарында мұндай есептердің тіркелуі заңдылық. Әйтпесе, командалардың деңгейі бір-бірінен соншалықты алшақтап кете қойған жоқ. Рас, дәл қазір «Хабар», «Қазақ радиосы» және «ЦАИ МИК РК» командаларының қарқыны қатты. Бірақ, қарқындары қаншаға жетерін кім білсін? Бір-біріне үйреніскен соң «Еуразия+ОРТ», «Асыл Арна», «ДИАП Qazaqstan», «Qazaqinfo.kz» сынды командалар да ешкімге дес бермейін деп тұр. Қазір турнир кестесінің көшбасында жүрген «Егемен Қазақстан» да өздерінің тұсаукесер маусымында қатарынан бес кездесуде жеңілген. Содан кейін ғана естерін жинап, үздіктер қатарынан бір-ақ шыққан. Сол сияқты «Қазмедиа» да осы маусымға дейін аутсайдерлер қатарында жүрді. Бәрі тәжірибенің арқасында келетін нәрселер.
Ал кеше Журналистер лигасының екінші туры өтті. Бірінші ойында «ДИАП Qazaqstan» жігіттері «егемендіктердің» қақпасына үш гол соға алғанымен өз қақпасынан алты доп алып шығуға мәжбүр болды. Одан кейін алаңға шыққан «Астана ТВ» мен «Qazaqinfo.kz» сайты аралығындағы ойын өте тартысты өтіп, матч соңында ғана Әділет Құсайынов бастаған телеарналықтар жеңісті жұлып алды. Ал «Асыл Арна» кем құрамда ойнағанына қарамастан «Хабарға» әжептеуір тойтарыс берді. Дегенмен, Нұрсұлтан Қабылбектің 12 голы бәрін шешіп кетті. «Қазспорт» пен «Хабар 24» арасындағы кездесуде есепті бірінші таймда «хабарлықтар» ашқанымен үзілістен кейін еліміздің басты спорт арнасы таразы басын теңестіре алды. «Еуразия+ОРТ» арнасының бір голына ЦАИ МИК РК командасы 17 доппен жауап берді. Бірінші таймда әжептеуір қарсыласқанымен «Спорт 59» үзілістен кейін «Қазмедианың» қарқынына төтеп бере алмады. Ал «Qazaqstan» корпорациясының дербиінде радио жігіттері ұлттық арнадан басым түсті. Есеп – 7:2.
Журналистер лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.