ЖаңалықтарЛига

Қазмедиа соңғы турда төртінші орынға көтерілді

Журналистер біріншілігінің 2020/2021 жылғы қысқы маусымы аяқталды. Бұған дейін чемпион мен жүлдегерлер туралы жазғанбыз. Енді 15-турдың қалған ойындары туралы баяндамақпыз.

15-тур Қазмедиа мен Еуразия+Орт арасындағы кездесумен басталды. Шыны керек, соңғы нәтижелерге байланысты болар Еуразия+Орт командасы қатары сиреп кеткен. Бұрынғыдай қосалқы құрамда 5-6 ойыншыдан отырмайтын болған. Ал Қазмедиа ең болмаса маусымды төртінші орынмен аяқтауға ниетті еді. Егер Qazsport Астанамен кездесуде ұпай жоғалтса, автоматты түрде Қазмедианың төртінші орынға көтерілу мүмкіндік болған. Ол үшін алдымен Еуразияны жеңу керек. Бұл мақсаттары орындалды. Жолдастық кездесудің деңгейінде өткен ойын 8:2 есебімен аяқталды. Қазмедианың сұрмергені Құмарбек Азат 8 доптың жетеуін өз атына жазды. Бірақ Нұрсұлтан Қабылбекке жете алған жоқ. Сөйтіп, маусымды 37 голмен екінші орында аяқтады.

Foliant егер соңғы турда Qsport.kz командасын жеңгенде 15-орыннан көтерілер еді. Оған толық мүмкіндіктері болған. Бірнеше рет қауіпті шабуыл ұйымдастырып, бірде-біреуін голға айналдыра алмады. Әсіресе, екінші таймда Талғар Тұрсынәлі қақпашымен жеке-дара шығып мүлт кетті. Аян Қайырбаевтың тепкен добы қақпа бағанынан кері серпілді. Сосын матчтың аяқталуына 5 минут қалғанда Foliant қақпашысы Талғат Саржанов ұстап тұрған добынан айырылып қалып, оны Абылай Ибрайұлы сәтті пайдаланды. Қорытынды есеп – 1:0.

Өз кезегінде Мазмұндама мен Kazaknews.kz командаларының кездесуі де қызыққа толы өтті. Есепті Kazaknews.kz капитаны Наурызбек Лесов ашқан. Одан кейін Мазмұндама допқа қаншалықты иелік еткенімен, таразы басын теңестіре алмай қойды. Шабуыл шебінде жүрген Дәурен Бабамұрат бірнеше рет оңтайлы сәттерде мүлт кетіп жатты. Бұл матчта ойын тағдырын Еркін Шәкір шешті. Алаңдағы қызуқанды ойынымен танымал 7-нөмірлі қорғаушы аз ойнаса да, командасына маңызды 3 ұпай сыйлады. Еркін әрбір таймның соңғы минуттарында гол соқты. Сөйтіп, Мазмұндама 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Nat Geo мен Aiqyn-Литер кездесуі кубоктың ширек финалындағы нәтижемен ұқсас болды. Ол кезде де Nat Geo 3:1 есебімен басым түскен. Бұл жолы да солай болды. «Табиғат жыршылары» сапынан Дамир Ускумбаев дубль, Абылай Тұрлыбеков бір гол кіргізді. Қарсыластың үш голына газет жігіттерінен Әлішер Мұқажан бір доппен жауап қатты.

Aiqyn-Литер капитаны Всеволд Хван мусым басында 13 ұпай жинау керек деген мақсаттары барын айтқан. Сол жоспарларына сәл жетпей, чемпионатты 10 ұпаймен аяқтады.

Qazaq radiolary 15-турдың нәтижесіне қарамастан қола жүлдеге ие болған еді. Сондықтан соңғы турда алаңға шықпай жүрген ойыншыларына да мүмкіндік берді. BAQ League-нің ардагерлерінің бірі Мәди Ысқақов та алаңға шығып, бір-екі дрибилингтерін паш етті. Сол секілді Руслан Тәуірше, Мирас Қайырхан көбірек ойнады. Бұл жолы Qazaq radiolary Хабар 24 командасымен кездесті. Ойын тартысқа толы болды. Хабар 24-те оңайшылықпен беріле қоймайтынын дәлелдеді. Егер шабуыл шебінде гол соғуға икемді біреу болғанда тіпті жеңісті жұлып алар еді. Өкінішке қарай, ондай ешкім табылмады. Сөйтіп, Qazaq radiolary 2:1 есебімен жеңіске жетіп, маусымды жақсы нотада аяқтады.

Соңғы турда ДИиК МО РК мен Хабар кездесуінен кейін екінші орындағы аса маңызды матч Qazsport пен Астана ТВ ойыны еді. Спорттық арна төртінші орынды сақтап қалу үшін жеңіске жету керек болған. Бірақ Астана жігіттері оңайшылықпен жеңісті бермейтіндерін байқатты.

Бірінші таймда жан алысып, жан беріскен ойын 0:0 есебімен аяқталды. Ал екінші кезеңде алдымен Александр Олейник жойқын соққысымен Астананы алға шығарған. Алайда Qazsport жігіттері де қарап қалмай, тез арада таразы басын теңестірді. Гол авторы – Құдайберген Маханбетәлі. Қорытынды есеп – 1:1.

Сөйтіп, төртінші орынға Қазмедиа көтерілді. Qazsport бір саты төмен сырғып, маусымды бесінші болып аяқтады. Алтыншы орында Астана ТВ командасы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close