ЖаңалықтарЛига

БАҚ лигада жаңа чемпион. ДИиК МО РК командасы алтын дубль жасады

Журналистер біріншілігінің сегізінші маусымы аяқталды. Соңғы 15-турда Хабарды 8:4 есебімен жеңген ДИиК МО РК командасы алғаш рет осы доданың чемпионы атанып отыр.

БАҚ лига басталғалы чемпиондықты ешкімге бермеген Хабар сол үрдісті биылда жалғастырудан үмітті болған. Оған толық мүмкіндіктері де бар еді. Бастысы, соңғы турда Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен жасақталған ДИиК МО РК ұжымын қандай есеп болсын жеңу керек. Өйткені қарсыластары бұған дейінгі 13 ойынның бәрінде үш ұпайдан еншілеген. Ал Хабардың Nat Geo-мен кездесуде тең түсіп қалғаны бар. Сондықтан қос Нұрсұлтан бастаған жігіттер соңғы турға тас түйін дайындалды. Ақтөбе және Алматыдағы ойыншыларын шақыртты.

Жалпы, Хабар мұндай матчтарда әбден ысылған. Талай дүрмекті көрген команда. Бесінші маусымда ұтылып жатып, жеңісті жұлып әкеткені де қатысушылардың есінде. Ал ДИиК МО РК командасы негізінен әскери жігіттерден құрылғаннан кейін темірдей тәртіп пен физикалық әлеуеттерінің мықтылығымен де ерекшеленеді. Былайша айтқанда. БАҚ лига аясында Хабар ешқашан осындай деңгейі жоғары командамен кездесіп көрмеген. Сондықтан көпшілік бұл ойынды ерекше күтті.

Финалға бергісіз соңғы турды екі таймға бөліп қарастыруға болатын шығар. Бірінші кезең нағыз тартысқа толы өтті. Матчтың 30-секундында Хабар қорғаушысы Бақытжан Масақов жарақат алып қалып, біразға дейін ойынға араласа алмады. Сол тұста есепті Хабардың экс-ойыншысы Әлішер Келгенбай ашты. Дегенмен телеарна жігіттері де аянып қалмады. Әсіресе, Ақтөбеден келген Асылжан Жүсіпов өте белсенді көрінді. Негізінен допқа көбірек иелік етіп, шабуылдарды ұйымдастыруға тырысқан Асылжан болды. Сондай шабуылдардың бірінде ДИиК МО РК қорғаушысы өз айып алаңында тәртіп бұзып, төреші пенальти белгіледі. Нүктеге Асылжан Жүсіпов келген. Бірақ ол қақпашыдан айласын асыра алмады. Алайда допты қайтару кезінде қақпашы Ербол Кенжебаев тәртіп бұзған. Сосын төреші Хабарға пенальтиді қайта тебуге мүмкіндік берді. Бұл жолы алматылық Ғалым Меркібай мүлт кеткен жоқ.

Ойынның аяқталуына 3 минут қалған. ДИиК МО РК командасында бес фол бар. Егер алтыншы рет тәртіп бұзатын болса, 10 метрден айып добын тебуге мүмкіндік алар еді. Бірақ оған жеткізген жоқ. Бірінші тайм 1:1 есебімен аяқталды.

Ал екінші 20-минуттық бастала салысымен Алмас Зиятов қатарынан екі гол соқты. Сөйтіп, есеп 3:1-ге ұзап кетті. Абырой болғанда Масақов есеп айырмасын бір допқа қысқартқан. Бірақ ойынның 7 минуттай қалғанда Келгенбай таблодағы нәтиже 4:2 жеткізді. Амалы таусылған Хабар қақпашыны алып тастап, бесінші ойыншыны шығарды.  ДИиК МО РК-тың да күткені сол екен, қатарынан 3 допты топырлатып тастады. Оның біреуі қақпашы Ербол Кенжебаевқа тиесілі. Әріқарай матчтың мәні қалмады. Алаңға шықпаған ойыншылар мүмкіндік алып, ойын 8:4 есебімен аяқталды.

Осылайша, ДИиК МО РК алғаш рет журналистер біріншілігінде чемпион атанды. Оның үстіне, бір апта BAQ CUP-ке де иелік еткен. Яғни алтын дубль жасады. Хабардың 7 маусымға жалғасқан гегомониясын бұзды.

Жалпы, ДИиК МО РК командасының рекорды көп. Былтыр жетінші маусымда қосылып, алдымен В лиганы жеңді. Биыл толыққанды чемпионатта топ жарды. Сонымен қатар 14 матчтың барлығында ұпайдан шашау шығармаған маусымды тек жеңіспен аяқтаған жалғыз команда.

Ал Хабар екінші орынды қанағат тұтты. Үздік үштікті Qazaq radiolary қорытындылады.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close