Жаңалықтар

ДИиК МО РК VS Хабар – Команда капитандары чемпионды болжады

Ақпанның 27-сі, яғни алдағы сенбіде BAQ league VIII маусымының жеңімпазы анықталады. Бас жүлдеге «Хабар» мен ДИиК МО РК ұжымдары үмітті. Қос команданы чемпиондық матч күтіп тұр. Кімнің асығы алшысынан тұрар екен?

Соңғы тур алдындағы турнир кестесінде ДИиК МО РК командасы 39 ұпаймен көш бастап келеді. Ал «Хабар» екі ұпайға артта. Яғни, чемпион атану үшін «әскери журналистерге» тең нәтиже де жеткілікті. Чемпион атағын қорғап қалу үшін «Хабарға» қалайда жеңіс керек.

Осы орайда BAQ league капитандары арасында сауалнама жүргізіп, «Кім чемпион болады? Деген сұраққа жауап іздеп көрген едік.

Азамат Жанасбаев, «Еуразия+ОРТ» командасының капитаны:

  • Бәрінің де іші сезіп тұрғандай, биыл ДИиК МО РК чемпион болады. Олардың қарқынына төтеп беру өте қиын. Тактикалық жағынан да «Хабарға» қарағанда әбден жетілген.

Арай Ізбай, «Nat Geo Qaz» командасының капитаны:

  • Бұған дейін де сұхбаттарымда айтқанмын, биыл ДИиК МО РК чемпион болады. Ойым өзгерген жоқ. Біз олармен бірге жаттығу өткізіп те көрдік. Алаңда да екі рет кездестік. Өте мықты құрама. Оның үстіне, БАҚ лига қарсаңында өткен Зейнолла Сәнік атындағы турнирде де финалға дейін жетіп, басты ойыншысы Әлішер Келгенбайсыз-ақ «Хабарды» қысып тастаған болатын. Тек пенальти сериясында жеңіліп қалған еді. Енді Әлішер ойнаса, тіптен күшейеді.

Әділет Құсайынов, «Астана ТВ» командасының капитаны:

  • ДИиК МО РК чемпион болады деп ойлаймын. Оларға соңғы ойында тең нәтиже де жеткілікті. Ал мұндай бәсекеде бұл үлкен рөл ойнайтын артықшылық. Біз де кезінде осындай жағдайда болғанбыз. Саған қалайда үш ұпай қажет кезде жеңіске жетудің қаншалықты қиын болатынын жақсы білеміз.

Бауыржан Татибаев, Foliant командасының капитаны:

  • Командалардың деңгейі шамалас. Бәрі ойыншылардың функционалдық дайындығына байланысты болмақ. Алайда, алаңда ДИиК МО РК жігіттері кішкене жинақырақ көрінеді және қарқындары да мықты. Қосалқы құрамы да «Хабарға» қарағанда қарымдырақ. Сондықтан, меніңше биыл Қорғаныс министрлігі Баспасөз қызметінің командасы чемион болатын сияқты.

Бекнұр Нұрмағанбет, «Qazaq radiolary» командасының капитаны:

  • Мұндай болжам жасаудан аулақпын. Екі команданы да ренжіткім келмейді. Екеуі де мықты. Чемпиондық матчта кім көп гол соғады, солар маусымның жеңімпазы атанады.

Всеволод Хван, «Aiqyn-Liter» командасының капитаны:

  • ДИиК МО РК командасының жеңісіне бәс тігемін. Олар бірінші турдан бастап өздерінің мақсаттарына сенімді келеді. Жинақы, қарымды әрі қаһарлы. Лига жеңімпазы атану үшін барлық жағдайлары жасалған: тұрақты түрде жаттығу жасап тұрады, білікті бапкері бар. Тәжірибелі әрі шебер ойыншыларын айтпағанда команданың тактикалық ойыны да өзгелерден озық.

Еламан Әмірғазы, «Qsport.kz» командасының капитаны:

  • Екі команда да чемпион болуға әбден лайық. Әл-ауқаты да өзара тең командалар. «Хабардың» тәжірибелігін негізге келтіруге болар еді, бірақ ДИиК-та бірінші жыл құрылған команда емес. Ойынды жекелеген жігіттер шешіп кетеді деп ойлаймын. Чемпиондық матчта Алмас Зиятов пен Әлішер Келгенбайдың тандемі өз жемісін береді.

Ержан Жүніс, «Мазмұндама» командасының капитаны:

  • «Хабарды» кезекті чемпиондығымен құттықтаймыз ба, әлде жаңа чемпионды қарсы аламыз ба, өзімізге де қызық болып тұр. Дегенмен, меніңше, биыл тағы да Нұрсұлтан Құрман бастаған жігіттер жеңімпаз болатын сияқты. Оларды былтыр «Qazaq radiolary» да тоқтата алмаған. Сол сияқты, ДИиК МО РК да бірінші рет осындай үлкен матчын өткізбек. Өте қиын болады. Өйткені, «Хабар» – қалыптасқан команда, чемпиондық рухы басым, кез келген қарсыласын мысымен-ақ алып қоятын ұжым.

Марат Тукатов, «Хабар 24» командасының капитаны:

  • ДИиК МО РК чемпион болатын сияқты. Команданың мотивациясы керемет. Жеңіске аш команда, оның үстіне, құрамы да «сен тұр, мен атайын» деген жігіттерден құралған. «Хабар» бұл маусымда бір рет әлсіздігін көрсетіп қойды да, ұпай жоғалтты. Сондай-ақ, биыл олар бұрынғыдай айбатты емес. Дегенмен, тәжірибесі қарсыласына қарағанда өте мол. Чемпиондық ойында 55% – 45% басымдықты Қорғаныс министрлігінің ұжымына беріп отырмын.

Марғұлан Ибраев, «Қазмедиа командасының капитаны:

  • ДИиК МО РК мен «Хабар» арасындағы дәл қазіргі жағдай маған осыдан екі жыл бұрынғы, яғни V маусымдағы чемпиондық ойын – «Қазмедиа» мен «Хабарды» көз алдыма елестетіп отыр. Сондықтан, «хабарлықтар» мұндай сынақтан өткен. Ұтып кетуі ғажап емес. Егер Алматы және Ақтөбе қаласындағы жігіттерді алдырса, Нұрсұлтан Құрман бастаған команданың мүмкіндігі молая түседі.

Наурызбек Лесов, «Kazaknews.kz» командасының капитаны

  • Лиганың чемпионы Диик МО РК болады деп ойлаймын. Себебі BAQ league-дағы чемпиондықтан үміткер негізгі 3 команда бар. Олар ДИиК, «Хабар», «Qazaq radiolary» дейтін болсақ, ДИиК «радиолықтарды» екі мәрте жеңді. Ал «Хабар» кубоктың жартылай финалында «Qazaq radiolary»-нан ұтылып қалды. Осыдан-ақ қай команданың чемпиондыққа жақын екенін анықтау қиын емес. Ойыншылар жағынан да ДИиК алаңға бір-бірін толық алмастыра алатын екі құрам шығара алады. Дегенмен, екеуіне де сәттілік!

Нүркен Тоқмурзин, «Metaratings» командасының капитаны:

  • Меніңше, «ДИиК МО РК» командасының чемпион болатын мүмкіндігі зор. Олар мұндай мүмкіндікті жібере қоймас. Оның үстіне, ұпай саны жөнінен де алда келеді. Яғни, тең ойнаса да жеткілікті.

Эльдар Аманбаев, QAZSPORT командасының капитаны:

  • Өте қиын сұрақ. Маусым бойы екі команда да басқалардан деңгейлері әлдеқайда мықты екенін көрсетті. «Хабар» чемпион болуы мүмкін. Сәл ғана басымдықты Құрманның ұжымына беремін. Құрамы мықты, лидерлер қатарда, өңірлерден жақсы екі ойыншы келді. Оның үстіне, осы маусымның үздік қақпашысы болуға лайық Айбек пен BAQ league-ның басты сұрмергені Нұрсұлтан Қабылбек шешеді деп отырмын.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close