ЖаңалықтарЛига

Сұрмергендер арасындағы тартыс қызып тұр

Сегізінші маусымда ең керемет тартыстың бірі шабуылшылар арасында болып тұр. Қазіргі кезде 20 және одан көп гол соққан бес ойыншы бар.

Біріншіліктің аяқталуына аз қалды.  Ал сұрмергендер тартысы қыза түсті. Бірнеше тур ДИиК МО РК командасының үш ойыншысы топ бастап тұрған. Ал қазір жағдай өзгерді. Бірінші және екінші орынға Хабардың капитаны Нұрсұлтан Қабылбек пен Қазмедиа шабуылшысы Құмарбек Азат көтерілді. Алғашқысының еншісінде 32 гол болса, екіншісі қарсылас қақпасын 30 мәрте тулатқан. Одан кейін орындарда Қорғаныс министрлігінің ойыншылары тұр. Николай Кружальский 22, Алмас Зиятов пен Әлішер Келгенбай 20 голдан соққан.

Соңғы екі маусымдағы үздік сұрмерген Әлішердің бұдан да көп гол соғуына болар еді. Бірақ өзі кейбір матчтарға келе алмады. Мысалы, Foliant командасын 20:0 есебімен ұтқанда қатыспады. Есесіне осы матчта Кружальский 9 голдың авторы атанды.

Алмас Зиятов бірінші турда бой көрсетпеді. Бірақ қалған матчтың барлығында ғол соққан. Алмас негізінен қорғаныста жүріп, шабуылға араласатын ойыншы.

Енді ДИиК МО РК командасы Qazsport, Aiqyn-Литер және Хабар командаларымен кездеседі. Бұл матчтарда көшбасындағы екеуді қуып жету қиын болатын шығар.

Ал Құмарбек Азат екінші маусымда 24 голмен сұрмерген болған. Одан кейінгі жылдары қанша тырысқанымен, сол жетістігін қайталай алмады. Биыл екінші рет журналистер біріншілігінің бомбардирі болуға толық мүмкіндігі бар. Өйткені Қазмедиа жүлдеден толық қанды қол үзді. Енді тек алғашқы сегіздікке еніп, Құмарбектің осы номинацияны иеленуі ғана қалды. Алдағы қарсыластары да аса қарымды емес. Мазмұндама, Kazaknews, Еуразия+Орт.

Құмарбек ТОП-матчтарда көзге түспесе де, әлсіз қарсыластарды аямайды. Foliant қақпасына 8, Metarating.kz-ке 10, Aiqyn-Литерге 5 голдан соғуы сөзімізді айғақтайтын шығар.

Ал Нұрсұлтан Қабылбек осы лига тарихында ең көп гол соққан ойыншы. Бірінші маусымнан бері үштіктен түскен емес. Үшінші және төртінші маусымдарда тиісінше 60 және 19 голдармен топ жарды. Егер биыл бомбардир болса, үшінші рет осы атаққа қол жеткізеді.Әзірге үш рет үздік сұрмерген болған ешкім жоқ.

Хабардың қарсыластарының қатарында Foliant, Qazaq radiolary және ДИиК МО РК бар. Енді Нұрсұлтан бірінші орнын сақтап қалу үшін Foliant командасымен ойында барын салары анық. Ал соңғы екі матчта топырлатып гол соғу қиынға түсетіні белгілі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close