ЖаңалықтарЛига

Үздік капитан кім?

Baqleague ұйымдастырушылары тағы бір жобаны қолға алды. Сегізінші маусымға қатысып жатқан 15 команданың капитандары арасында үздіктерін анықтау басталып кетті.

Қазіргі кезде жеребе тартылып, инстаграмдағы Baqleague парақшасында дауыс беру басталды.

Осы ретте қатысып жатқан команда капитандарына қысқаша тоқтала кетсек.

Тәжірибелі капитандар

Әділет Құсайынов (Астана ТВ)

Капитандардың арасында ең тәжірибелісі Әділет Құсайынов. Ол екінші маусымнан бері Астана командасын алаңға бастап шығып жүр. Оның үстіне басқаларымен салыстырғанда жасы да үлкен. 38 жастағы Әділет осымен алтыншы маусым капитан болып жүр.

Әділеттің капитан болуымен Астана ТВ бір рет күміс жүлдеге, екі рет қола жүлдеге ие болған. Сонымен қатар В лигасынада чемпион атанған.

Марғұлан Ибраев (Қазмедиа)

Марғұлан үшінші маусымнан бері Қазмедиа командасының капитаны. Осы лигада қатарынан екі команда шығарған әзірге жалғыз жетекші. Марғұланның капитан болуымен Қазмедиа қола жүлдеге ие болған. Сонымен қатар В лигасында жеңіске жеткен.

Бекнұр Нұрмағанбет (Qazaq radiolary)

Бекнұр Qazaq radiolary командасына үшінші маусымда капитан болды. Арасында бір маусым лигаға команда шығармады. Оның капитан болуымен радио жігіттері екі рет А лигасында жүлдегер атанды. Журналистер кубогында жеңіске жетті. В лигасында екінші орын алған.

Арай Ізбай (NGQ)

Арай журналистер біріншілігінің барлық маусымына қатысып келе жатқанына қарамастан өзінің жеке командасын шығарғанына осымен төртінші маусым.

Бұған дейін екі рет В лигасында бір рет А лигасында ойнады. Әзірге NGQ жігіттерінің жүлделері жоқ. Бірақ биыл ол олқылықтың орнын толтыратын мүмкіндіктері бар. Журналистер кубогында «Табиғат жыршылары» жартылай финалға шықты.

Жас капитандар

Нұрсұлтан Қабылбек (Хабар)

Хабар командасын жасақтаған да, оның негізі капитаны да бұған дейін Нұрсұлтан Құрман болатын. Дегенмен, жетінші маусымда Құрман капитандық белгіні жас ойыншы, өзімен аттас Нұрсұлтан Қабылбекке табыстады. Әзірге кіші Нұрсұлтан бұл міндетті абыроймен атқарып келеді.

24 жастағы Нұрсұлтан Қабылбек журналистер біріншілігінің бес дүркін чемпионы. Журналистер кубогының иегері. Лиганың үздік ойыншысы, шабуылшысы, сұрмергені секілді жекелеген номинациялардың бәрін жеңген.

Наурызбек Лесов (Kazaknews)

Доған Йылдыз жетекішілік ететін Kazaknews.kz сайтының футбол командасы осымен үшінші маусым журналистер біріншілігіне тұрақты қатысып жүр. Әзірге нәтижелері де жаман емес. Алғашқы маусымда-ақ Kazaknews В лигасында қола жүлде еншілеген. Биыл да біраз үздіктерден ұпай тартып алып үлгерді. Осы команданың капитаны 26 жастағы Наурызбек Лесов.

Еламан Әмірғазы (Qsport.kz)

Қазақ радиосының жүргізушісі Еламан Qsport.kz командасы құрылғаннан бері капитан. Жетекшісі Жандос Қонысбаев та Еламанға ерекше сенім артып отырады. Әзірге бұл команданың лигада жетістіктері жоқ. Бірақ сол мақсатқа үлкен қадамдар жасап жатыр. Үнемі құрамына жаңа ойыншылар қосып, жаттығуға да көп көңіл бөледі. Жеке бапкерлері де бар. Карантин кубогында әлеуметтік желіде қолдаушылары көп екендіктерін байқатып, екінші орын алды.

Екі-үш маусымдық тәжірибесі бар капитандар

Ғани Нүсіпов (ДИиК МО РК)

Ғани журналистер біріншілігіне Астана ТВ арқылы келген. Алдына мақсат қойса, соған жетпей тынбайтын ол 2019 жылы өз командасын жасақтады. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің негізінде құрылған ДИиК МО РК Хабардың чемпиондық сериясын тоқтатудан үмітті бірден-бір команда.

Олар былтыр В лигасында барлық ойында жеңіске жеткен. Сонымен қатар бір маусымда ең көп гол соққан команда атанған еді. Биыл Foliant-ты 20:0 есебімен жеңіп, тағы бір рекордты тіркеді.

Ғани Астана ТВ сапында екі рет жүлдегер болған. Енді өз командасымен чемпион атануға толық мүмкіндігі бар.

Нұркен Тоқмурзин (Metaratings.kz)

31-арнаның операторы былтыр демеуші тауып, Қаламгер командасының тізгінін өз қолына алған. Сол кезде әріптестері оны капитан ретінде сайлады. Осы маусымда командаға Ербол Қайыров жетекшілік ете бастады. Бірақ капитан болып Нұркен қалды.

Всеволд Хван (Aiqyn-Литер)

Нұр-Медиаға қарасты Aiqyn және Литер газеттері елордаға қоныс аударған соң, команданы журналистер біріншілігіне қосқан Всеволд Хван болатын. Литер газетінде бас редакторы болған тұстан Всволд өзі қызығушылық танытып, командасының лигада ойнауына барлық мүмкіндікті жасап жүр.

Дебютант капитандар

Эльдар Аманбаев (Qazsport)

Qazsport командасы журналистер біріншілігіне осымен төртінші рет қатысып жатыр. Бұған дейінгі маусымдардың барлығында Ермек Төрениязов капитан болған. Биыл капитандықты комментатор Эльдар Аманбаев өз қолына алды. Әзірге көрсеткіштері жаман емес. 10 турдың қорытындысы бойынша төртінші орында келеді.

Ержан Жүніс (Мазмұндама)

Ержан бұған дейін Qazaq radiolary-мен біраз жетістікке жеткен. Оның еншісінде чемпиондықтан басқасының бәрі бар. А лигасының күміс және қола жүлдесіне иелік еткен. Журналистер кубогын да топ жарған. В лигасында екінші орын алған. Биыл Мазмұндамаға ауысқан Ержанға командаластары капитандықты ұсына қойды. Ол Айдын Қожахметтен кейін Мазмұндаманы алаңға бастап шығу мәртебесіне ие болды.

Бауыржан Тәттібаев (Foliant)

Foliant баспасын жасақтап, маусымға қосқан Дәурен Берікқажы еді. Алайда ескі жарақаты сыр беріп, екі аяғына ота жасатуға тура келді. Сондықтан маусым соңына дейін футболдан тыс қалды. Ал қазір командаға ие болып, капитандықты Бауыржан Тәтібаев өз қолына алды.

Дарын Олжабай (Еуразия+Орт)

Дарын Хабардың қосалқы құрамында отырып, барлық жүлдені жинап алған. Оған қазіргі керегі алаңға жиі шығып, көзге түсу. Биыл Еуразия арнасына жұмысқа тұрып, эфирге шыға бастаған Дарын осы күні капитан да болып жүр.

Еуразия+Орт командасын жаңа маусымға жинақтап қосқан Азамат Жанасбаев болатын. Бастапқы турларда команданы алаңға өзі бастап шығып жүрді. Ал соңғы турларда капитандық белгі Дарын Олжабайға өтті.

Марат Тукатов (Хабар 24)

Хабар 24 – журналистер біріншілігінің бірінші маусымынан бері тұрақты қатысып келе жатқан екі команданың бірі. Осы уақытқа дейін капитаны да ауыспаған еді. Дегенмен чемпионаттың орта тұсында капитан Хасан Ташенов жарақат алып,бірнеше ойындарға қатыса алмады. Сол уақытта капитандық белгіні Марат Тукатов тақты. Дегенмен, Хасан сапқа қайта оралғанымен, әлі де алаңға команданы Марат бастап шығып жүр.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close
30/01/2021 11:00
Хабар 24 0 Мазмұндама 0
30/01/2021 11:50
Еуразия+ОРТ 0 Астана ТВ 0
30/01/2021 12:40
NatGeo Qazaqstan 0 Фолиант 0
30/01/2021 13:30
Kazaknews.kz 0 Қазмедиа 0
30/01/2021 14:20
ДИиК МО РК 0 «Aiqyn+Литер» 0
30/01/2021 15:10
Qsport.kz 0 Metaratings 0
30/01/2021 16:00
Qazaq radiolary 0 Хабар 0