ЖаңалықтарЛига

“Хабар” ұпай жоғалтып, көшбасшылықтан айрылды

Бесінші турда маусымдағы алғашқы сенсация тіркелді. Лиганың жеті дүркін чемпионы «Хабар» күтпеген жерден NGQ командасымен тең ойнап қалды.

FOlIANT – METARATINGS.KZ – 1:3

Аутсайдерлер кездесуінде тәжірибелі Metaratings.kz командасы жеңіске жетті. Бұл ойынның тағдыры бірінші таймда шешілді. Есепті бұрыштама добынан кейін Асқар Турлин ашты. Дегенмен көп өтпей, таразы басы теңескен болатын. Foliant капитаны Бауыржан Тәтібаевтың соққысы Мәди Ысқақовқа тиіп, қақпаға кіріп кетті. Дегенмен үзіліске дейін Metaratings.kz капитаны Нұркен Тоқмурзин тағы екі гол соғып, командасына үш ұпай сыйлады.

Айтпақшы, 5-турдың бастапқы ойындарына Ғалымжан Кенжеалинов төрелік еткен. Ғалымжан эмоцияларына ие бола алмағандардың ешқайсысын аяған жоқ. Алғашқы 2 ойында 4 қызыл қағаз көрсетті. Бұл матчтың соңында аздап тіресіп қалған Аян Қайырбаев пен (Foliant) пен Данияр Сванқұлов (Metaratings.kz) алаңнан қуылды.

NGQ  – ХАБАР – 1:1

Хабар күтпеген жерден екі ұпайдан айырылды. Бұған дейінгі маусымдарда оп-оңай жеңіп жүрген NGQ командасына тістері батпады.

Матчтың бас жағында Жәнібек Базылбеков пен Бақытжан Масақов сөзге келіп қалған еді. Бұған NGQ капитаны Арай Ізбай араласып, бас төреші Масақов екеуін аяған жоқ. Кенжеалинов қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды.

Бұл жағдай әсіресе Хабарға қатты әсер етті. Ойындары жүрмей, ұзақ уақыт жинақтала алмай қойды. Оны қарсыласы тиімді пайдаланды. Бірінші таймның соңғы жағында Бекзат Сайназар есеп ашып, командасын алға шығарды.

Хабар екінші таймда бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Тек оның біреуін қақпаға тура кіргізе алды. Авторы – Нұрсұлтан Қабылбек. Ал қалған сәттерде «Табиғат жыршыларының» қорғаушылары мен қақпашысы Әнуар Құрманбаев сыр алдырған жоқ. Қорытынды есеп – 1:1

Матчта 7 адамға ескерту беріліп, екі ойыншыға қызыл қағаз көрсетілді.

ЕУРАЗИЯ+ОРТ – MAZMUNDAMA – 1:2

Еуразия жігіттері қолда тұрған жеңістен айырылып қалды. Бірінші таймда Дастан Әлішев есепті ашқан. Осы есеп ұзақ уақыт сақталып тұрды. Негізі екі команда да бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, керектеріне жарата алмай әбден діңкеледі.

Тек ойынның соңғы жағында бәрі өзгеріп шыға келді. Екі минуттың ішінде Әзиз Жұмаділ мен Амангелді Сейітхан мергендік танытып, Мазмұндамаға жеңіс сыйлады.

QSPORT.KZ – AIQYN-ЛИТЕР – 5:2

Осыған дейін тек маусымның басты фавориттерімен кездескен Qsport.kz әйтеуір үш ұпайына қол жеткізді. Олар 4-турда Aiqyn-Литер командасының осал тұсын тапты.

Негізі газет жігіттері ойынды қарқынды бастаған. Трансферде басқа командаға ауысуға шешім қабылдаған Руслан Тәуірше Aiqyn-Литер сапындағы соңғы ойында барын салды. Өзі гол соқпаса да, екі нәтижелі пас шығарып берді. Есепті Русланның пасынан кейін Жалын Тілеухор ашты.

Бірақ Всеволд Хванның әріптестері айналдырған 2-3 минуттың ішінде қорғаныста қателік жіберіп, қатарынан үш доп өткізіп алды.  Алдымен Азамат Смағұловтың ортадан аспай-ақ тебе салғаны кіріп кетті. Одан кейін Алмас Қожагелді белсеніп, есепті 3:1-ге жеткізді.

Екінщі таймда Qsport.kz тағы екі гол соқса, Aiqyn-Литер бір гол кіргізуге шамасы жетті. Қорытынды есеп – 5:2.

ДИИК МО РК – ХАБАР 24 – 13:2

Қорғаныс министрлігінің командасы осы күні ешкімді аяп жатқан жоқ. Алдында Фолиант қақпасына 20 гол соғып, рекорд жаңартқан. Бұл жолы Хабар-24 командасын да оңай жеңді. Негізі есеп бұдан да көп болар еді. Соңғы жағында өздері айылдарын аздап жиғандай көрінді. Әлішер Келгенбай мен Николай Кружальский хет-трик жасаса, тағы екі ойыншы дубльдің авторы атанды.

Хабар ұпай жоғалтқаннан кейін ДИиК МО РК 15 ұпаймен жеке-дара көш бастады.

KAZAKNEWS – QAZAQ RADIOlARY– 2:5

Әзірге ДИиК МО РК командасынан кейін ұпай жоғалтпаған Qazaq radiolary болып тұр. Бірақ олардың бір ойыны кем. Радио жігіттері 4 матчта 12 ұпайға қол жеткізді. Бұл жолы олар Kazaknews командасымен біраз терледі.

Елдос Өмірханның дубліне сайт жігіттері екінші таймның басында жауап қатып, таразы басы теңескен. Дегенмен соңғы 10 минутта бәрі өзгеріп шыға келді. Qazaq radiolary сапынан Назар Найзабеков ойынды өз қолына алып, алыстан теуіп командасын алға шығарды. Одан кейін Бекболат Кәрібай тағы екі гол соқты. Қорытынды есеп – 5:2.

 QAZSPORT – QAZMEDIA – 3:3

Қазмедиа тағы да тең түсті. Бұған дейін Астана ТВ мен NGQ командасымен тең ойнағаны бар. Бұл жолы екі ұпайдан айырылып қалғандарын өздерінен көрсін.

Бірінші таймда Құмарбек Азат көзге түсіп, есепті ашқан. Екінші кезеңде ол ассисент атанды. Құмарбектің пасын Мирас Жақыпов керегіне жарата білді. Сосын жоқ жерден табыла кететін Qazsport капитаны Эльдар Аманбаев есеп айырмасын қысқартқан. Бірақ матчтың аяқталуына 5 минут қалғанда Қазмедиа есепті 3:1-ге жеткізді. Гол авторы Ершат Қожатаев тіпті билеп те жіберді.  Дегенмен спорттық арна жігіттері соңына дейін берілмеді. Алдымен Журналистер кубогы 1/8 финалының үздік ойыншысы атанған Нұрмұхамед Байсүгіров көзге түссе, матчтың нүктесін Эльдар Аманбаевтың өзі қойды.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close
05/12/2020 11:00
Фолиант 0 «Aiqyn+Литер» 0
05/12/2020 11:50
Астана ТВ 0 Мазмұндама 0
05/12/2020 12:40
Metaratings 0 Хабар 0
05/12/2020 13:30
NatGeo Qazaqstan 0 Kazaknews.kz 0
05/12/2020 14:20
Qsport.kz 0 Хабар 24 0
05/12/2020 15:10
Еуразия+ОРТ 0 ДИиК МО РК 0
05/12/2020 16:00
Qazsport 0 Qazaq radiolary 0