Жаңалықтар

Биыл кім сұрмерген атанады?

Журналистер біріншілігінде үздік сұрмерген атану да бір мәртебе. Биылғы жылы мергендер көшін әзірге Қазмедиа ойыншысы Құмарбек Азат бастап тұр.

Ең алғаш «Астана» спорт кешенінде өткен бірінші маусымда Sport-1959 шабуылшысы Сапарғали Қанат 8 ойында 24 гол соғып, үздік сұрмерген деген атаққа лайық болған еді. Ол сонымен қатар сол маусымда капитандар мен команда жетекшілерінің дауыс беруінің қорытындысы бойынша үздік шабуылшы номинациясына да қол жеткізген.

Одан кейін жазғы маусымда «Жеңіс» шабуылшысы Құмарбек Азаттың бағы жанды. Негізі соңғы турға дейін сол кездері Хабарда ойнаған Азамат Бертісов екеуі осы атаққа таласып келе жатқан. 13-турдың қарсаңында Құмарбекте 15, Азаматта 16 гол болған еді. Алайда Dixinews қақпасына 9 гол соққан Жеңіс шабуылшысы қарсыласынан айқын басымдықпен басып озды.

Үшінші маусым «Еуразия» спорт кешенінде өтті. Залдың тарлығы соққысы мығым ойыншыларға жақсы болды. Ортадан тепкен голдарының көбісі кіріп жатты. Сөйтіп, сол кезде Хабарға ауысқан Нұрсұлтан Қабылбек 60 голмен дара шықты. Екінші орындағы Sport-1959 шабуылшысы Махамбет Ануарбекұлы одан 18 голға қалып қойды. Махамбетте 42 гол болды. Жалпы, сол маусымда голға қарық болдық. Бұл екеуінен бөлек, Құмербек Азат (Қазмедиа) 36 гол, Аян Әбдуәли (Егемен Қазақстан) 32, Ибраһим Еренғайып (Қазақ радиолары) 29 голдың авторы атанған.

Ал төртінші маусымда біріншілік екіге бөлінді. А лигасында екінші мәрте Хабар шабуылшысы Нұрсұлтан Қабылбекке тең келер ешкім болмады. Ол 19 голмен жеңіске жетсе, В лигасында Elorda aqparat шабуылшысы Бексаттар Саттардың бағы жанды (26 доп).

Бесінші маусымда Нұрсұлтан Қабылбектің үшінші рет топ жаруға мүмкіндігі болған. Алайда соңғы турда  Elorda aqparat шабуылшысы Бексаттар Саттар оны басып озды. Сол кезде Elorda aqparat пен Егемен Қазақстан кездесіп, есеп 9:11 есебімен аяқталады.  Elorda aqparat командасының 9 голын сегізі Бексаттарға тиесілі. Негізі шешуші тур алдында Саттар қарсыласынан 5 допқа қалып келе жатқан. Егеменмен ойыннан кейін Қабылбектен 3 голға артқа қалдырды. Еншісінде – 28 гол.

В лигасында Ел арнада өнер көрсеткен Дәурен Жолдасов жеңіске жетті. Ол 14 ойында 28 гол соғып, алдымен «Үздік сұрмерген» номинациясын еншіледі. Одан кейін «Үздік шабуылшы» номинациясында 35 ұпай жинап, тағы да дара шықты.

Ал соңғы екі маусымда А лигасында Алматыдан келген Әлішер Келгенбайға тең келер ешкім болмады. Алтыншы маусымда Әлішер 20 гол соқса, жетінші маусымда қарсылас қақпасының осал тұсын 33 рет көздепті.

В лигасында алтыншы маусымда Нұрәлем Жалғасұлының бағы жанды. NatGeo Qazaqstan шабуылшысының еншісінде 18 гол болды.

Қыстағы жетінші маусымда ДИиК МО РК  командасының екі ойынышсы Николай Кружальский мен Алмас Зиятов өзара бәсекені қыздырды.  Бұл тартыста Кружальскийдың бағы жанып, 36 голмен осы атақты жеңіп алды.

Биылғы сегізінші маусымда лига біріктірілді. Әзірге  Қазмедиа шабуылшысы Құмарбек Азат 9 голмен көш бастап келеді. ДИиК МО РК  командасына ауысқан Әлішер Келгенбай да 8 гол бар.

Бұған дейін Нұрсұлтан Қабылбек пен Әлішер Келгенбай Хабарда жүріп, екі реттен сұрмерген атанып көрген. Алайда ешкім бұл атақты үш рет жеңген жоқ. Биыл рекорд жаңара ма әлде өзге жігіттердің бағы жана ма екен?

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close