Жаңалықтар

Bidone d’oro.kz – БАҚ лиганың үміт ақтамаған үздіктер құрамы жарияланды

Бірден айтайық, бұл құрамға Қисықаяқ Түзутепкенов, Мырқымбай Тырқымбаев сындылар ешқашан  ілікпейді. Бұл үшін де лайық болуың қажет. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңдаулы командаға үлкен сенім артылып, үмітті ақтамаған үздіктер ілігіп отыр.

Қақпашы – Нұрбол САМАТ (Qazaq radiolary)

«Үміт ақтамаған үздіктер» командасына «Qazaq radiolary»-ның қос қақпашысы Нұрбол Самат пен Мұхтар Тұртайұлы кіріп отыр. Иә, жалпы команда ретінде «Qazaq radiolary» өткен маусымда 26-ақ гол жіберді. Бұл «А» лигасының ең үздік көрсеткіші. Бұған Нұрбол Самат пен Мұхтар Тұртайұлының да сіңірген еңбегі орасан. Дегенмен, маусымның ең маңызды ойынында екеуі де қосалқы құрамда қалып қойды да, қақпада Әсет Нұрғалиев тұрды. Бұл ненің белгісі? Әріптестерінің алдында әлі де 100 пайыз сенімге ие емес дегенді білдірсе керек. Ал соңғы сыбыстарға сүйенсек, Нұрбол Самат келесі маусымда командада қалмауы да мүмкін екен.

Қорғаушылар – Шыңғыс ЕРҒАЛИЕВ (Хабар) пен Арай ІЗБАЙ (National Geographic Qazaqstan)

Залдан гөрі далада ойнағанды ұнататынын Шыңғыс Ерғалиевтің өзі де мойындайды. Өзінің бір сұхбатында биыл жолы болмай жүргенін өзі де айтқан. Иә, расымен де Шыңғыс былтыр жазда далада керемет ойнап, нағыз Канте бола білген. Биыл сол мықтылығының жұрнағын да көрмедік. Ал «Qazaq radiolary»-на қарсы маңызды ойында Ерғалиев алаңда бар болғаны 2-3 минут қана уақыт өткізді.

БАҚ лиганың бірінші маусымында үздік қорғаушы атанған Арай Ізбай кейінгі кездері мүлдем бабында емес. Шабуылда да ойнап көрді, қақпаға да тұрды. Бірақ бұрынғы ойынын таппады. Оны да түсінуге болады. Соңғы екі жыл бойы Арай аяғындағы жарақатымен күресіп келеді. Тек футболға деген махаббаты ғана Арайды апта сайын алаңға жетелеп шығуда.

Ал резервте Мағжан Төлеуов пен Аян Қайырбаев. Былтырғы маусымда аяғынан қатты жарақат алған Мағжан әлі де толық айықпаған секілді. Биыл бастапқы екі ойынға ғана қатысып, ақсаған күйін алаңнан кеткен. Сол күйі көрмедік. Егер командасын ауыстырмаса, Мағжанды жақын арада БАҚ лигадан көрмейтін де шығармыз. Өйткені, «Qazaq radiolary»-нда бәсекелестік өте жоғары. Ал оған әзірге орын жоқ. Аян Қайырбаев, керісінше, маусымды бастан-аяқ өткізіп шықты. Дегенмен ол қазір бұрынғы Аян емес. Алаңға шықса болды, қателік жіберіп, қақпасына міндетті түрде гол әкелетінін әріптестері де жасырмайды.

Шабуылшылар – Қанат ТАКИРОВ (Астана ТВ) пен Ернұр ДОСЖАНОВ (Астана ТВ)

Шабуылда «Астананың» қос форварды Қанат Такиров пен Ернұр Досжанов. Жалпы, «Астана ТВ» үшін бұл маусым оңай болған жоқ. Иә, қолаға қол жеткізді. Бірақ екінші орындағы «Qazaq radiolary»-мен ұпай айырмашылығы орасан. Қанат Такиров пен Ернұр Досжановқа да осы маусымда үлкен үміт артылды. Өйткені, команда капитаны Адлет Құсайыновте басқа амал болған жоқ. Қанат пен Ернұр «Астана ТВ» ұжымын алға сүйреуі тиіс болатын. Өкінішке қарай, маусым екеуі үшін де сәтті өтті айта алмайсың. Ернұр 7 голмен шектелсе, Қанат бар болғаны 4-ақ гол соқты.

Резервте «Астана ТВ» командасының тағы бір шабуылшысы Нұрмұхамед Байсүгіров. Қарағандыдан ат арқалатып келіп жүрген Нұрмұхамед те биыл «Астананы» алға жетеле алмады. Енді басқа команда іздеуге мәжбүр. Ал Асқар Хамиден бар болғаны бес ойында алаңға үш-төрт минуттан шығып, кезекті рет БАҚ лига чемпионы атанды. Бәлкім, оған «В» лигасынан команда іздейтін уақыт жеткен шығар. Иә, жетті. Баяғыда жетті.

Ал Bidone d’oro жүлдесін кімге береміз? Жоғарыдағылардың ішінде Қанат Такиров әбден лайықты секілді. Бұл номинация оған келесі маусымда үздік ойыншы болуға стимул болады деп сенеміз.

БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:

«Елорда ақпарат» агенттігі.

БАҚ лиганың ресми суы – TURAN

БАҚ лига VII маусымының серіктестері:

«Halva» кафесі, Life football дүкені

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close