Жаңалықтар

В лигасы. Үміт ақтамаған үздіктер

Бұл құрамды таңдаулы команда деп ойлап қалуыңыз да мүкін. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, әрқайсысы өз алдына бір үздік. Дегенмен, биылғы маусымды бұлар үшін сәтті өтті деп айта алмайсыз. Біразы «А» лигасынан келгенімен жаңа командасына соншалықты сіңісіп кете алмады. Нәтижесінде Bidone d’oro номинациясынан үміткерлердің қатарын толықтыруға мәжбүр.

Қақпашы – Азамат НҰРМАТОВ (Elorda aqparat)

Азамат Нұрматовтың мықты қақпашы екеніне ешкім де шүбә келтірмейді. Бірақ биыл көпшілікке өзін мойындата алмаған сияқты. Мәселен, маусым бойына таңдаулы командаға үш-ақ рет енген. Оның өзінде резервке ғана. Ал команда өкілдері арасындағы сауалнаманың қорытындысы бойынша Азамат үздік үштікке де кіре алмады.

Резервте Саят Сабырбаев. Былтыр «Қазмедиа А» командасының намысын қорғаған Саят биыл «Хабар 24»-тің басты қақпашысы болады деп күтілген. Алайда, Хасан Ташеновті негізгі құрамнан ысырып шығара алмады.

Қорғаушылар – Асқат ҚАРАҚОЙШИЕВ (Қаламгер) пен Аят ДҮЙСЕМБАЕВ (Мазмұндама)

Қорғаныс шебінде Паоло Мальдиниден кем ойнамайтын Асқат Қарақойшиевтің бір ғана кемшілігі бар. Ұтылып жатқан кезде формасын шешіп, командасын тастап кете салатынын көпшілік баяғыда-ақ байқаған. Мұны жаман әдет десе де болатын шығар. Одан арылмайынша өзіне тұрақты команда таппайтын да секілді. Биыл да Асхат талай рет «Қаламгерді» қиын сәттерде қалдырып кетіп жатты.

Асқатпен бірге «А» лигасындағы «Ел арнадан» келген Аят Дүйсембаевтың да «Мазмұндамадағы» маусымын мәнді болды деп айта алмайсыз. Әріптестерімен 100 пайыздық түсіністіктің жартысын да әлі орната алмай жатқан секілді. Оның үстіне, артық салмағы барын да айта кету керек. Онысын өзі де жасырмайды. Бәлкім, жазғы маусымда Аятты басқа қырынан көрудің сәті түсетін шығар.

Ал резервте Достияр Мұқаш пен Ертас Жақыпбай. Достияр бұрын «Elorda aqparat»-тың негізгі қорғаушысы болатын. Алайда Айхан Ғалымұлы келіп, Айбек Рахымов алаңға оралғалы оған қосалқы құрамды қанағат қылуға тура келіп жүр. Оның үстіне, Елтай Нұрғазин де әрдайым бабында. Ал маусым басында екі-үш ойынға қатысқан Ертас Жақыпбай кейін қорғаныс шебінде бәсекелестіктің зор екенін түсініп, қақпаға тұрып көрген еді, мұнда да басты рөлді сомдау бұйырмады.

Шабуылшылар – Ратмир ӘУБӘКІР (QAZSPORT) мен Рүстем СМАҒҰЛОВ (ДИиК МО РК)

Иә, қате түсінген жоқсыздар. Кеше ғана «дрим-тим» команданың қосалқы құрамынан орын алған Ратмир Әубәкір Bidone d’oro номинациясынан да бірден-бір үміткер. Ратмирді журналистер қауымы «Қаламгерден» бастап біледі. Сол кезде өз мықтылығын мойындатып, «Астана ТВ» командасынан шақырту алған. Қазір өзі қызмет ететін «QAZSPORT»-та. Бірақ өзі айтпақшы, маусым Ратмир үшін соншалықты сәтті өте қоймады. Командасының моторы бола алған жоқ. Көбіне Эльдар Аманбаев пен Мағжан Жұмабаевтың көлеңкесінде қалып қойып жатты. Бұған жарақат алып қалған кездерін қосыңыз.

«А» лигасындағы «Астана ТВ» командасынан «В» лигасындағы ДИиК МО РК сапына ауысқан кезде көбі Рүстемді ұжымының үздігі, командасының Криштиануы болады деп ойлады. Алайда Смағұловтың ДИиК МО РК командасына пайдасы «Барселонадағы» Томас Вермаленнің еңбегінен артық болған жоқ.

Резервте Бейімбет Молдағали мен Ермұхамед Мәулен. Иә, БАҚ лигадағы жас таланттардың бірі – Бейімбет Молдағали. Алайда биыл «Хабар 24»-тің үздік сұрмергені болғанына қарамастан өткен маусымды Бейімбет үшін соншалықты сәтті өті деп айтуға келмейді. Тіпті, кейбір ойындарда командасы Молдағалисыз жақсы ойнайтындай көрінгені де жасырын емес. Ал залды аса жақтыра бермейтін Ермұхамед Мәулен биыл тек бір матчқа қатысты. Енді жазды күтіп жүрген тәрізді. Жазда жаңа командада бәрін басынан бастамақшы.

Ал Bidone d’oro жүлдесін кімге береміз? Егер аталмыш номинация Испанияда үлестірілгенде міндетті түрде Томас Вермален алар еді. Сондықтан, оның БАҚ лигадағы ізбасары Рүстем Смағұловты лайық көрдік.

БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:

«Елорда ақпарат» агенттігі.

БАҚ лиганың ресми суы – TURAN

БАҚ лига VII маусымының серіктестері:

«Halva» кафесі, Life football дүкені

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close