Жаңалықтар

«Қазмедиа» жүлдесіз қала ма?

БАҚ лигада алтыннан басқа жүлденің бәріне қол жеткізген «Қазмедиа» биыл үздік үштіктен тыс қалуы мүмкін. Соңғы екі турда ұтылған олар басты бәсекелесінен үш ұпайға қалып қойды. Бірақ үміттері сөнген жоқ.

«Астана ТВ», «Qazaq radiolary» және «Хабар» – соңғы үш турда «Қазмедиа» өткен маусымның жүлдегерлерімен кезек кездесіп шықты. Алғашқы сынақты әупірімдеп өткенімен соңғы екі ойында жеңіліп қалды. Ал кеше «Хабардың» алдында тізе бүкті. Иә, шыны керек, «Қазмедиаға» мұның алдындағы ойын оңай тиген жоқ.  «Qazaq radiolary»-на қарсы кездесуде негізгі ойыншыларының бірі Ершат Қожатаевтан айрылып қалып, чемпиондармен шалажансар күйде ойнады. Дегенмен бірден берілген жоқ. Тіпті, азулы қарсыластарын біраз қорқытып, 5-ші минутта-ақ Асқар Мұхтаров жасаған дубльдің арқасында 2:0 есебімен алға шықты. Рас, «хабарлықтар» есепті жылдам теңестіріп, үзіліске дейін-ақ таразы басын өз жағына қарай аударған. Алайда бәрібір ұпай жоғалтпайтындықтарына ешкім кепіл бола алған жоқ. Тек екінші таймның екінші жартысында ғана «Хабар» өздерін аздап еркін сезіне бастады. Бұл уақытта «қазмедиалықтар» қорғана шаршаған болатын. Ал қосалқы құрамда ешкім жоқ. Нәтижесінде таблода 8:3 есебі тіркеліп, «Хабар» чемпиондық жорығын әрі қарай жалғастырды.

«Қазмедианың» қатарынан екі кездесуде жеңілгенін «Астана ТВ» тиімді пайдалануда. Өткен аптада «National Geographic Qazaqstan» командасын тізерлеткен олар осы жолы «Егемен Қазақстан» ұжымынан басым түсті. «Егемендіктер» сапынан Бекболат Кәрібай дубль жасағанымен «Астана ТВ» қатарында хет-трик жасай алатындар да табылып, таблода 6:2 есебі тіркелді. Айта кетейік, маусымды тамаша бастаған бас газеттің «батырлары» қатарынан алтыншы рет жеңілістің кермек дәмін татып отыр. Қазір олар «А» лигасында «Kazaknews.kz»-тен ғана алда тұр.

«Kazaknews.kz» демекші, Доған Йылдыз бастаған команда әжептеуір қарсылық көрсеткеніне қарамастан «Qazaq radiolary»-на шамалары жетпеді. Қанша дегенмен чемпиондықты көздеген команда емес пе, «Qazaq radiolary» матч тағдырын бірінші таймда-ақ шешіп тастады. Үзілістен кейін өткен маусымда демеушілік еткен Доған бейге құрмет көрсеткісі келді ме, әлде шаршаңқырап қалды ма, әйтеуір қарсыластарына еркіндік беріп, ойынды 8:4 нәтижесімен аяқтады.

Ал «Спорт 59» есін енді жиып келеді. Олар да алты ойын қатарынан ұтылып келген. Бірақ өткен турдан бері «сәттілік құдайы» Фортуна Бек Төлеудің командасын қанатына алған сияқты. Алдымен «Егемен Қазақстанды» жеңсе, кеше текетіреске толы болған ойында «National Geographic Qazaqstan»–нан үш ұпайды тартып алды. Айтпақшы, матч барысында «Спорт 59» 1:3 есебімен ұтылып жатқан. «Табиғат жыршыларын» тоқтату мүмкін еместей көрінгені де рас. Алайда камбек жасап, матчты 5:3 есебімен өз пайдаларына шешті.

«А» лигасының таңдаулы құрамымен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:

«Елорда ақпарат» агенттігі.

БАҚ лиганың ресми суы – TURAN

БАҚ лига VII маусымының серіктестері:

«Halva» кафесі, Life football дүкені

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close