Жаңалықтар

 «Qazaq radiolary» мен «Хабардың» қара үзуі және «Kazaknews.kz»-тің алғашқы жеңісі

Жаңа жылдық мерекелерге байланысты бір айға жуық демалыс алған елордамыздың БАҚ лигасы қайта басталды. «А» лигасының орталық ойынында «Хабар» мен «Астана ТВ» кездессе, бұған дейін жеңістің балды дәмін татып көрмеген «Kazaknews.kz» сенсация жасап, «Егемен Қазақстанды» тізе бүктірді.

Жаңа жылдың алғашқы ойынында «Хабар» кейінгі кездері қарқын алып келе жатқан «Астана ТВ» командасымен кездесті. Адлет Құсайынов бастаған былтырғы вице-чемпиондар биылғы маусымды сәтсіз бастағанымен екінші турдан кейін өз ойындарын таба бастаған болатын. Қатарынан үш кездесуде жеңіске жетіп, қолдары ауыздарына жетіп қалған. Сондықтан, «Хабарға» қарсы да қарқынды ойын көрсетеді деп күткендер көп болды. Обалы не керек, ойын тартысты өтті. Тек өздері қорғаныста қателесті демесеңіз, қарсыласынан нашар ойнаған жоқ. Шабуылдарды да жүйесімен ұйымдастырып, «Хабар» кипері Айбек Қабылшаны әбден әбігерге салды. Бірақ бүгінгі «Астана ТВ» мен «Хабарды» бөліп тұрған бірнәрсе бар. Чемпиондар сапында Әлішер Келгенбай ойнайды. Міне, осы фактор көп нәрседе «Хабарға» артықшылық сыйлайды десек асыра сілтегеніміз емес. Расымен де, «Хабар» үшін Әлішер «Барселонадағы» Лионель Месси немесе «Ювентустағы» Криштиану Роналду сияқты… Жә, ойын туралы ойымыздан ауытқып кеттік. Әлішер соққан голдан кейін бірінші тайм 1:0 есебімен аяқталған. Үзілістен кейін Нұрсұлтан Қабылбекпен пас алмасқан Келгенбайдың немересі есепті еселей түсті. Дегенмен бұл жайт «Астана ТВ» ойыншыларының сағын сындыра алған жоқ. Керісінше, қарқындарын үдетіп, қарымта шабуылдың нәтижесінде Адлет Құсайынов таблодағы көрсеткішті бір голға қысқартты. Бұл гол үлкен айқастың басы ғана екен. Қос команда да ашық айқасқа көшіп, көрермендерді керемет ойынмен аһ ұрғызып жатты. Алайда үлкен қысымға «Астана ТВ» ойыншыларының жүйкелері шыдас бермеді. Әуелі Төреби Нұрланов қателесті, одан кейін Қанат Такиров алдындағы допты Нұрсұлтан Қабылбектің аяғына салып берді. Көп ұзамай Нұрмұхамед Байсүгіров алдындағы добынан айрылып қалып, Нұршапағат Несіпбаевтың гол соғуына мүмкіндік беріп қойды. Қорытынды есеп – 6:1, «Хабар» чемпиондық жорығын әрі қарай жалғастыруда.

«Хабармен» үзеңгі қағыстырып «Qazaq radiolary» қатар келеді. Алайда «радиолықтар» үшін 6-шы тур аса қиын болған жоқ. «Спорт 59»-бен кездескен олар қарсыластарының қақпасына жауапсыз 10 гол соқты. Бесеуі Жандос Манашевтің еншісіне жазылса, кейінгі кездері бабында жүрген Ержан Жүніс хет-трик авторы атанды. Қалған екі голды Дәурен Жолдасов пен Елдос Өмірхан өзара бөлісіп алды.

Былтыр «В» лигасының жеңімпазы атанған «Қазмедиа» «А» лигасына бірден үйренісіп кетті. Ұпай саны жөнінен «Егемен Қазақстан» және «Астана ТВ» үшеуі қатарласып тұрғанына қарамастан гол айырмашылығы жөнінен «Қазмедиа» алда тұр. Кеше олар өте тартысты ойында «National Geographic Qazaqstan» командасын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Айта кетейік, алғашқы екі голды командаға жаңа қосылған Мирас Жақып соғып, негізгі құрамға бір табан жақындады.

Ал турдың басты сенсациясын «Kazaknews.kz» жасады. Жаңа жылдың алғашқы матчында еңселі «Егемен Қазақстанмен» кездескен Доған Йылдыз шәкірттері қиян-кескі ойында 6:5 есебімен жеңіске жетіп, «А» лигасындағы алғашқы жеңісін тойлады. Ойыннан кейін «Kazaknews.kz» капитаны Әбдіманап Кеңес қарсыластарына әдемі ойын үшін алғыс білдіріп, бұл команданың соңғы жеңісі емес екендігіне сенім білдірді.

«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.   

БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:

«Елорда ақпарат» агенттігі.

БАҚ лиганың ресми суы – TURAN

БАҚ лига VII маусымының серіктестері:

«Halva» кафесі, Life football дүкені

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close
Бүгін, 21:00
BAQ United 0 VIP Press 0
Бүгін, 21:30
7SU news 0 Sport Media 0
Бүгін, 22:00
Qalamger 0 Taldy Paris 0
23/02/2020 10:00
Қаламгер 0 Хабар 24 0
23/02/2020 10:50
«Aiqyn+Литер» 0 Qazsport 0
23/02/2020 11:40
Мазмұндама 0 Qsport.kz 0
23/02/2020 12:30
Хабар 0 NatGeo Qazaqstan 0