Жаңалықтар

БАҚ лиганың да өз классикосы бар немесе чемпиондықтың тағдыры соңғы турда шешіле ме?

Келесі аптада әлем футболының жанкүйерлерін Испанияның Эль-Классикосы күтіп тұр. Дегенмен, қазақстандық журналистер үшін дәл қазір БАҚ лиганың өз Классикосы қызық болып тұр. Кеше алты дүркін чемпион «Хабар» мен бас жүлденің тұрақты үміткері «Qazaq radiolary» кездесті.

«БАҚ классико» – «Хабар» мен «Qazaq radiolary»-ның текетіресіне осылай да баға беруге болатын шығар. Рас, «Реал» мен «Барселонаға» ұқсата алмаймыз. Бұл дұрыс та емес. Дегенмен, Қазақстанның медиа футболында «Хабар» мен «Qazaq radiolary» тайталасының орны ерекше. Оның қашан басталғанын білмейміз. Әйтеуір, есімізде бары БАҚ лиганың бірінші маусымы. Біз білетін бәсекелестік сол кезден басталды. «Хабар» чемпион атанып, соңғы сәтте ғана сүрінген «Qazaq radiolary» күмісті қанағат қылған. Кейін құрамын селдіретіп алғанымен «радиолықтардың» «Хабарға» қарсы ойыны қашан да көпшіліктің қызығушылығын еселейтін. Ал бұл жолғы матч тіптен ерекше болды. Екеуі де маусымның басты жүлдесінен басты үміткерлер. Басқаларды кемсіткіміз келмейді, бірақ бұл екеуіне биылғы маусымда басқа бәсекелес жоқ.

«Qazaq radiolary» матчқа тас-тұйнақтай дайын келіпті. Ал «Хабар» сапында ойынға Әлішер Келгенбай қатыса алған жоқ. Әскердің машақатымен жүріп қалды. Есесіне биылғы біріншілікте бірінші рет Бимухамед Букеевтің ойынын тамашаладық. Ойынды да алып шыққан сол Букеев болды. Қорғаныста да, шабуылда да атой салып, алғы шепте әріптестеріне пас шығарумен айналысса, соңғы минутта ашық қақпадан допты алып шықты. Дегенмен, Букевтен басқаларының да еңбектерін атап өтпеске болмайды. Нұрсұлтан Қабылбектің допты кеудесімен қабылдай салып, қақпаға соққан голы ше? Ол да шедевр. Нұрсұлтан Құрман да салқынқандылығымен таңғалдырды. Ұтылып жатса да, матчтың өздеріне қажетті есеппен аяқталатынына сенімді жүрді. Қақпашы Айбек Қабылша да қақпасына ұшқан барлық допты қағып жатты. Жалпы, бұл киперлердің сейвтерімен есте қалатын ойындардың бірі болған шығар. Өйткені, дисквалификациясын аяқтаған «Qazaq radiolary»-ның қақпашысы Нұрбол Самат та біраз қауіптің бетін қайтарды. Жалпы, тең жағдайда өткен ойында екі команданың де жеңістен үміті мол еді. Матчтың қаһарманын да таңдау қиын. Ұтылып жатқанда жүйкесі аздап сыр бергені болмаса, «Qazaq radiolary»-ның капитаны Назар Найзабекұлы да командасын керемет басқарып, тиісті ойыншыларды алаңға дер кезінде шығарып отырды. Екінші голды соғып, жеңілістен құтқарып қалған Бақытжан Масақов та қолды-аяққа тұрған жоқ. Ал «бас жарылса бөрік ішінде» дегенді ұран етіп алған Жандос Манашев ойынның басында алған ауыр жарақатына қарамастан өз командасының үздігі болды.

Сонымен, «БАҚ классиконың» бірінші ойыны тең аяқталды. Есеп – 2:2, енді қарымта матч маусымның соңғы турында өтеді. Біріншіліктің шешуші кездесуі де сол болатын шығар. Ең бастысы, соңына дейін екі ұжым да бірдей ұпаймен жетсе дейміз.

«Қазмедиа» – «Kazaknews.kz» кездесуін айтпағанда БАҚ классикодан басқа ойындар да тартысты өтті. «Спорт 59» бен «Астана ТВ» айқасында алаңның потенциалды қожайындары бірден бесінші ойыншымен ойнауды ұйғарып, оңбай қателесті. Бұл футзалдың жазылмаған қағидаттарын білмегендіктен болатын қателік шығар. Әйтпесе, шағын футболда бесінші ойыншыны команда ұтылып жатқан жағдайда ғана, онда да ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда шығаратыны белгілі. Ал бірден бесінші ойыншымен алаңға шығудың зардабы қалай боларын «Спорт 59» өз бастарын кешірді. Қақпаларына кірген бес доптың төртеуі осы тактиканың кесірі. Әйтпесе, «Астана ТВ» аса қатты ойнаған да жоқ. Бірақ, футболда «ойын ұмытылады, есте қалатыны есеп қана» деген нақыл тағы бар. Қалай десек те, қатарынан екі кездесуде жеңіске жеткен Адлет Құсайынов жігіттерінің жүлделі орындардан үміттері жылт ете түсті.

«Егемен Қазақстан» да таңғалдыруын қояр емес. Бұған дейін қатарынан үш турда жеңіске жетіп, көпшілікті қайран қалдырса, бұл жолы күтпеген жерден «National Geographic Qazaqstan» журналының ұжымынан ұтылып, жанкүйерлерін тағы аң-таң күйге түсірді. Жоқ, біз «Табиғат жыршыларын» аутсайдер көрмейміз. Бірақ, тәжірибесі мен құрамындағы ойыншыларының шеберлігі жөнінен NGQ-ның «А» лигасындағы біраз командаларға есе жіберетіні рас. Алайда, жеңіске деген құлшынысы қарсыласына қарағанда басым болды. Бірден «егемендіктерге» өз ойынын ойнатуға мәжбүрлеп, эмоцияға толы қиян-кескі кездесуде 2:1 есебімен жеңісті жұлып алды.

Ал «Kazaknews.kz» ше? Доған Йылдыз басқаратын сайттың командасы кезекті рет ірі жеңіліске ұшырады. Бұл жолы «Қазмедиадан». Командаға әлі де болса тәжірибе жетісер емес. Әйтпесе, құрамында допты түзу тебе алатын ойыншылар көп. Егер рухтары берік болса, онда осы болмаса да, алдағы маусымдарда алдарына асқақ мақсаттар қоя алатын команда.

«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:

«Елорда ақпарат» агенттігі.

БАҚ лиганың ресми суы – TURAN

БАҚ лига VII маусымының серіктестері:

«Halva» кафесі, Life football дүкені

1 thought on “БАҚ лиганың да өз классикосы бар немесе чемпиондықтың тағдыры соңғы турда шешіле ме?”

  1. Хабар мен Радиоларға қарсы тең түсіп жатсақ таңғалмаңыздар! Танғалдырып Егеменді ұтып үлгердік!!!

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close
31/10/2020 11:00
«Aiqyn+Литер» 0 Еуразия+ОРТ 0
31/10/2020 11:50
Qazsport 0 Qsport.kz 0
31/10/2020 12:40
Kazaknews.kz 0 Хабар 24 0
31/10/2020 13:30
Қазмедиа 0 NatGeo Qazaqstan 0
31/10/2020 14:20
Мазмұндама 0 Фолиант 0
31/10/2020 15:10
Metaratings 0 ДИиК МО РК 0
31/10/2020 16:00
Хабар 0 Астана ТВ 0