Жаңалықтар

“А” лигасы. «Хабар» қарқын алды, енді тоқтар емес

Елордамызда өтіп жатқан Журналистер біріншілігінің 11-ші турынан кейін «А» лигасында «Хабар» командасы жеке-дара көш бастады. Енді «пентакампеондар» алты дүркін атануға жақын.

«Хабар» командасы да «Неміс машинасы» сияқты. Бір оталса, тоқтамайды. Өткен демалыста «Қазмедиа А» және «Ел арна» командаларымен кездесіп, екеуінде де ірі есеппен жеңіске жетті. былай қарасаң, екі қарсыласы да қарымды. Бірі өткен маусымда «Хабардың» басты бәсекелесі болған. Екіншісі биыл жүлдеден үміттілердің бірі. Бірінші айналымда 2:5 есебімен жеңілген. Бұл жолы есесін қа       йтарды. Әртүрлі себептерге байланысты матчқа қатыса алмаған Абдулла Төкенов, Бақытжан Масақов сынды ойыншыларына иек арта алмаған «Ел арна» «Хабарға» еш қарсылық көрсете алған жоқ. Жанкүйерлер арасында «Феррари», «Соник» деген лақап аттарымен танымал Шыңғыс Ерғалиев хет-трик жасаса, Әлішер Келгенбай бір гол соқты. Ал «Ел арна» тек Аят Дүйсембаевтың бір голымен жауап бере алды. Қорытынды есеп – 4:1. Осылайша «Хабар» мұның алдында «Қазмедиа А»-ны 7:1 есебіме жеңгені бар, қос ойыннан алты ұпай жинап, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.

Ал олардың басты бәсекелестері «Астана ТВ» командасының кежегесі кейінгі кездері кері тартып тұр. Қатарынан үш ойында жеңілістің кермек дәмін татқан олар жексенбі күні ғана естерін аздап жия алғандай болды. Онда да «Хабар 24»-тен ойынның 24-ші минутына дейін ұтылып жатты. Егер Ратмир Әубәкірдің хет-тригі болмағанда бұл ойында да ұпай жоғалтуы ғажап емес еді. Енді осы жеңіс «Астана ТВ» жігіттерін бір желпінтіп, қалған екі кездесуін сәтті өткізуге себеп болады деп сенеміз. Әйтпесе, сенбі күні Әділет Құсайынов бастаған жігіттер күтпеген жерден «Егемен Қазақстаннан» да 1:2 есебімен ұтылып қалған. Сондықтан, оларға енді сүрінуге болмайды.

Жалпы, турнир кестесінде аса үлкен өзгеріс жоқ. Тек «Хабар 24» пен «Егемен Қазақстан» өзара орын алмасты. «Қазмедиа А» сол күйі соңғы орында. Ал екінші айналымда екпін алған «Qazaq radiolary» үздік үштікке жақындап келеді.

«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close