Жаңалықтар

“В” лигасы. Бесінші маусымның “Ағаштар құрамы” анықталды

Бұл ойыншылар өз қапталының үздіктері. Оған ешкім шүбә келтірмейді. Дегенмен, биыл бұлар үшін маусым салыстырмалы түрде айтқанда сәтсіз өтті. Біріне артық салмақ кедергі, екіншісін жалқаулық басқан, үшіншісі жарақат алып қалған, төртіншісі шау тарта бастады, бесіншісі... айта берсең, себеп көп. Бірақ, ешқайсысы да доп тебуді ұмытқан жоқ. Келесі маусымда-ақ өз позицияларын қайтарып алуы әбден мүмкін. Ал биыл өкінішке қарай, «Ағаштар құрамын» толықтырып отыр.

Қақпашы – Қанат БАЗЫЛХАН (Мазмұндама)

Біріншілік басында Қанат Базылханда «А» лигасының командаларынан шақырту аз болған жоқ. Алайда, әріптестікті алға қойған қақпашы «В» лигасындағы «Мазмұндаманы» таңдады. Қазір бұл таңдауы үшін қаншалықты өкінетінін білмейміз, бірақ маусым Қанат үшін тым ерте аяқталды. Төртінші тур аясында өткен «Ел арнаға» қарсы ойында қолынан ауыр жарақат алып, ары қарай БАҚ лиганы сырттай тамашалауға мәжбүр болды. Дегенмен, алғашқы төрт турдың өзінде Базылхан қақпасынан 18 гол алып шығуға мәжбүр болған екен.

Резерв: Риат ШОНИ (Ел арна)

Бұл Риат Шонидің БАҚ лигадағы екінші маусымы. Былтыр «Хабар 24»-тің намысын қорғап, көпшіліктің көзайымы болған Риат биыл көбіне Жасын Біркеновтің көлеңкесінде жүрді. Ал маусым ортасында жарақат алып қалып, сол күйі бабына келе алмады.

Қорғаушылар – Аят ДҮЙСЕМБАЕВ (Ел арна) мен Ермек ТӨРЕНИЯЗОВ (National Geographic Qazaqstan)

Естеріңізде ме, өткен маусым? «Хабар 24» сапында ойнаған Аят Дүйсембаев команда капитандарының дауыс берулері нәтижесінде «Үздік қорғаушы» номинациясын жеңіп алған еді ғой. Ал биыл Аят, құдды бір, доп тебуді енді ғана үйреніп жүрген жас баланың кебінде болды. Бірнеше рет Дүйсембаевтың қателігінен кейін «Ел арна» маңызды ойындарда жеңіліп қалды.

Үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүретін Ермек Төрениязовтың биыл біраз артық салмақ жинап алғаны байқалды. Сондықтан болар, алаңдағы позициясын да жиі алмастырып, 2-3 ойында қақпадан да табылды. Ештеңе өзгермесе, алдағы маусымдарда Ермек біржола қақпаға тұрақтап қалатын секілді.

Резерв: Асқат ҚАРАҚОЙШИЕВ (Ел арна), Мағжан ТӨЛЕУОВ (Қазмедиа В).

Басында командасының негізгі қорғаушыларының бірі болған Асқат Қарақойшиевті трансферлік терезеден кейін біржола жоғалтып алдық. «Ел арнадан» ешайда кеткен жоқ, бірақ уақытының басым бөлігін қосалқы құрамда өткізді. Ал бірінші айналымды «Қазмедиа А» сапында өткізіп, ол жақтан береке таппаған соң ҚМО-ның екінші командасына ауысқан Мағжан Төлеуов мұнда да командасын өрге сүйрей алмады. Керісінше, біріншіліктің екінші жартысы «Қазмедиа В» үшін сәтсіз өтті.

Шабуылшылар – Ернұр ДОСЖАНОВ (Ел арна/Астана ТВ) пен Бекнұр НҰРМАҒАНБЕТ (Qazaq radiolary)

«Хабар 24»-ке сыймай, «Ел арнадан» пана тапқан Ернұр Досжанов бұл ұжымда да ұзақ тұрақтай алған жоқ. Командасының көшбасшысы болудың орнына кей ойындарда жейдесін шешіп, алаңнан кетіп қалып та жатты. Рас, «Астана ТВ»-ға ауысып, аздап бабына келді. Бірақ, алғашқы екі матчта сұрмергендігімен көзге түсе алғанымен кейінгі кездесулерде жанармайы таусылған автокөліктің кебін киді.

«Qazaq radiolary»-ның әр ойыншысы өз алдына бір төбе. Кез келгенінің матч тағдырын жалғыз өзі шешіп кете алатын қабілеті бар. Сондықтан шығар, солардың қасында Бекнұр Нұрмағанбеттің шеберлігі байқалмай жатты. Әйтпесе, ол да допты әжептеуі тебе алады.

Резерв: Ермұхамед МӘУЛЕН (ДИАП Qazaqstan), Еркебұлан ШУАШОВ (Ел арна)

Ермұхамед Мәуленді өткен маусымның бірінші турында ғана көрдік. Қалған турларға ойындардың тым ерте басталатындығын желе етіп, қатысқан жоқ. Әйтпесе, «ДИАП Qazaqstan»-ның көшбасшысы болатындай-ақ шабуылшы. Ал Шуашовтың тағдыры трансферлік терезеден кейін біржола шешілді. Оған дейін де «Ел арнаның» негізгі құрамынан орын ала алмай жүрген еді, қызылжарлық журналистер келгеннен кейін “Хабар” сапына ауысқан. Бірақ, онда да жарқырап кете алмады.

«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

BAQ league бесінші маусымының серіктестері:

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close